ШҚО-да жұмыссыздық проблемасын шешу мақсатында 6587 жұмыс орны ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Алтайньюс жазды.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының еңбек көші-қоны және еңбек нарығының мониторингі бөлімінің басшысы Мерхат Қабдешов айтып берді.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Парламент Мәжілісінің отырысында жұмыссыздық проблемасын шешу және еңбекке қабілетті халыққа 100 жұмыс орнын ашу жөнінде нақты міндеттер қойған болатын.
Осы жылы 4789 жұмыс орнын ашу жоспарланған болатын. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 6587 жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ инфрақұрылымдық және ұлттық жобаларды іске асыру шеңберінде 3498 жұмыс орнын құру мен 147 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Қазіргі күні оның 1710 - ы құрылды. Өңірдің жұмысқа орналастыру және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды кәсіпкерлікке тарту бойынша жұмыстар жүргізіп жатқанын да айта кету керек, - деп түсіндірді Мерхат Қабдешов.
Сонымен қатар спикер жыл басынан бері жұмыспен қамту органдарына 14 мыңнан астам адам жүгінгенін атап өтті. Оның ішінде 12 мың адам ұлттық жобаға қатысып, 8 мың адам жұмысқа орналастырылды. Сондай-ақ 5 мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа тұрды.
2022 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша облыстағы жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ды, жастар жұмыссыздығы – 3,7% - ды құраған.
Биыл ұлттық жоба аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен 757 адамды қамту жоспарланып, бүгінгі таңда оған 503 оқушы жіберілді.
Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша жұмыстар жалғасуда. Ағымдағы жылы облыста бизнес-идеяларды іске асыруға жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға 745 млн.теңге сомасына 608 грант беру жоспарлануда. Сондай – ақ, мемлекеттік бюджеттен субсидия есебінен осы жобаларға қатысушыларға төленетін жалақы көлемі айтарлықтай артты: "Жастар тәжірибесі" жобасы бойынша 25 АЕК - тен 30 АЕК-ке дейін, "бірінші жұмыс орны" бағдарламасы бойынша 20 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін, - деп мәлімдеді ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Еңбек көші-қоны және еңбек нарығын мониторингілеу бөлімінің басшысы.