Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданында Бұқтырма өзенінің су деңгейі көтерілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ШҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, 7 сәуір күні облыстық жедел штабтың кезекші бөліміне Алтай ауданы Богатырев ауылының тұрғыны хабарласып, ауласына су кіргенін жеткізді. Оқиға орнына жедел түрде аудан әкімі, ТЖД және коммуналдық қызмет мамандары барды.
Анықталғандай, Бұқтырма өзенінің деңгейі көтеріліп, ауылдың екі тұрғынының үйлерінің ауласына су кірген. Қазірде ШҚО ТЖД, жергілікті атқарушы орган қызметкерлері және әскерилер суды мотопомпамен сору жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жалпы саны 10 техника жұмылдырылған. Су деңгейі түсіп жатыр, - деп жазылған мәліметте.
Ауласына су кірген екі үйде 4 адам тұрады. Олар эвакуациядан өз еріктерімен бас тартып, туысқандарының үйлеріне уақытша тұрақтады.
Аудан әкімі зардап шеккен азаматармен кездесіп, барлығы қысқа уақытта мемлекет тарапынан қалпына келтірілетінін жеткізді.