ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омар 6 жылға түрмеге қамалды

Өскеменде сот Жақсылық Омарды ірі көлемде алаяқтық пен пара алу фактілері бойынша кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айырды.

 gov.kz Бүгiн 2026, 16:40
Бүгiн 2026, 16:40
89
Фото: gov.kz

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты сот процесі аяқталды. Сот оны «ірі көлемде алаяқтық» және «қызметтік тұлға ретінде ірі көлемде пара алу» баптары бойынша кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сот үкіміне сәйкес, Омардың мүлкі тәркіленді, ал мемлекеттік қызметте кез келген лауазымға тағайындалуына өмір бойына тыйым салынды. Бұл шешім оның қызметтік өкілеттілігін теріс пайдалану арқылы мемлекеттік мүддені зақымдағанын дәлелдеді.

Іс қаралу барысында барлық дәлелдер толық және заңға сәйкес жинақталған, күдіктінің кінәсі толық расталған. Сонымен қатар, Жақсылық Омардың басқа да ұқсас құқық бұзушылыққа қатысы бар-жоғы тексерілуде.

Бұл іс қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жалғасып отырғанын, заң мен тәртіпті сақтау бағытында құқық қорғау органдарының белсенді жұмыс жасап жатқанын көрсетеді.

Жақсылық Омар туралы не белгілі

Жақсылық Омар 1980 жылы 28 қыркүйекте Алматы облысы Алакөл ауданы Үшарал ауылында туған.

Білімі:
– 2001 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін «география» мамандығы бойынша тәмамдаған;
– 2010 жылы Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университетін «жергілікті және мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша бітірген;
– 2018 жылы Д. Серікбаев атындағы ШҚО мемлекеттік техникалық университетінде экономика магистрі дәрежесін алған.

Еңбек жолы:
– 2001-2005 жж. – Мәдениет және ақпарат министрлігінде маман;
– 2005-2007 жж. – Қаржы министрлігінде қызмет еткен;
– 2007-2009 жж. – «Қазақстан» телерадиокорпорациясында және «Арна медиа» холдингінде жұмыс істеген;
– 2009-2010 жж. – ШҚО әкімінің көмекшісі;
– 2010-2011 жж. – ішкі саясат басқармасының басшысы;
– 2011-2013 жж. – мәдениет басқармасының жетекшісі;
– 2013-2016 жж. – ШҚО әкімінің орынбасары;
– 2016-2018 жж. – Алматы облысы әкімінің орынбасары;
– 2018-2024 жж. – Өскемен қаласының әкімі;
– 2024-2025 жж. – ШҚО әкімінің кеңесшісі;
– 2025 жылдың 7 сәуірінен бастап – ШҚО әкімінің бірінші орынбасары.

Еске салсақ, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқаны туралы мәлімдеген еді.

Бұған дейін ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омар сотта кінәсін толық мойындағанын жаздық.

Наверх