Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев «Астана - адалдық алаңы» жобасы аясында жүзеге асырылған нысандарды аралады.
Көлгінов пен Шпекбаев барған алғашқы нысан «Астана - адалдық алаңы» жобасының тұжырымдамасы бойынша былтыр қазанда ашылған Тұрғын үй саласында қызмет көрсету бойынша бірыңғай орталықта болды.
Тұрғын үй орталығының жалпы көлемі - 2128,1 шаршы метр.
Тұрғын үй орталығы «Нұр-Сұлтан қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» ММ, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» және «Өркен қала» ЖШС ұсынатын қызметтерді біріктірді.
Орталықтың жұмысымен Тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Асылбек Еңсеповтың айтуынша, орталықта азаматтар мемлекеттік органдар мен ұйымдар ұсынатын қызметтерді ғана емес, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өкілдерінен тұрғын үй сатып алу мәселелері бойынша кеңес алады.
Бұл орталық қала тұрғындарына ыңғайлы болуы үшін ашылды. Сондықтан тұрғындарға бір тұрғын үй мәселесі бойынша қаланың әртүрлі аудандарында орналасқан инстанциялар бойынша жүгірудің қажеті жоқ. Орталық қызметкерлері күн сайын 300-ден астам азаматқа тұрғын үйге мұқтаждарды есепке қою және кезекке қою, тұрғын үй бағдарламалары мен тұрғын үй сертификатын есепке тіркеу бойынша кеңес береді, - деді ол.
Қала әкімі Алтай Көлгінов тұрғын үй мәселесі өте өзекті екенін атап өтті.
Тұрғын үй мәселесі өте өзекті болып отыр. Оған ескірген үйлер мен апаттық жағдайда тұрған үйлер де жатады. Бұл салаға қатысты сұрақ өте көп. Сондықтан оны біріздендіру үшін осындай орталық ашып, тұрғын үй орталығы деп атадық. Үш айдың ішінде 15 мың адамға қызмет көрсетілді, - деді Алтай Көлгінов.
Шпекбаев орталыққа келген тұрғындардың қызмет алуға қатысты пікірлерін де сұрап білді. Көлгінов пен Шпекбаев барған келесі нысан – Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің қызмет көрсету және кеңес беруге шоғырланған фронт-кеңсе.
Қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы Мұрат Берекполовтың айтуынша, фронт-кеңсе мемлекеттік қызметтің 9 түрін ұсынады.
Бұл қызметтің барлығы цифрлық түрде де көрсетіледі. Алайда электронды қызмет ала алмайтын азаматтар бізге жүгінеді. Биылғы 5 қаңтардан бастап 83 адам жүгінді. Бұл жерде азаматтарға тіркеу туралы куәліктерді, әскери билеттерді немесе олардың телнұсқаларын, ҰОС қатысушыларға куәліктерді, жеңілдіктері бар адамдарға анықтамалар беріледі, - деді ол.
Фронт-кеңсе де «Астана – адалдық алаңы» жобасының бастамасы бойынша ашылған. Онда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін және олардың туындау жағдайларын болдырмайтын кедергісіз қолжетімділік және қолайлы жағдайлар қамтамасыз етілген.
Алик Шпекбаев фронт-кеңсеге қызмет алуға келген тұрғындармен сөйлесті.
Менің балама әскерге шақырту келді. Мен үйде жалғыз адаммын. Ұлым 22 жаста, өзім II топтағы мүгедекпін. Бұл орталыққа ұлымның әскерге бармауы туралы кеңес алуға келдім. Бұл - өте ыңғайлы орталық. Мамандар тікелей қызмет көрсетеді. Қандай құжаттар қажет екенін білуге келдім, - деді тұрғын.
Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев елордадағы әлеуметтік дәріханаға барды.
Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін ашылған дәріханада жиынтық үстеме баға сақталады. Құны 3000 теңгеден жоғары тауарларға сатып алу бағасынан жалпы үстеме баға 4 пайызды, 1000-нан 3000 теңгеге дейін 6 пайызды, 500-ден 1000 теңгеге дейін 15 пайызды құрайды.
Көлгінов пен Шпекбаев дәріхананың жұмысымен танысу барысында журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Айта кетейік, «Астана – адалдық алаңы» жобасы аясында елорданың барлық аудандық әкімдігінде фронт-кеңселер ашылды. 2020 жылы сервистік әкімдіктер 126 721 қызмет көрсеткен.