Қазақстан Ұлттық банкі қазақстандықтарды "қателікпен аударылған ақша" бойынша алаяқтықтың артып келе жатқаны туралы ескертті және күмәнді түсімдер кезінде не істеу керегін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстанда адамдардың картасына "қателікпен" ақша түсу жағдайлары күрт артты. Бірнеше минут өткен соң оларға алаяқтар қоңырау шалып, аударымды қайтаруды сұрайды. Ұлттық банк мұндай өтініштердің санының артқанын тіркеп, белгісіз адамдардың өтініші бойынша қаражатты қайтармау жөнінде кеңес береді.
Ұлттық Банк «қате» ақша аударымдарына қатысты алаяқтық барын ескертеді.
Көп таралған схемалардың бірі – ақша түскені туралы жалған хабарлама жіберу. Ондай кезде азаматтар банк шотына түскен ақша сомасы туралы SMS-хабарлама алады. Кейін оларға қаскөйлер қоңырау шалып, өзін ақша аударған адам ретінде таныстырады да, «қателесіп аударыппын» деген сылтаумен түскен ақшаны кері қайтаруды сұрайды. Бірақ, көбіне мұндай хабарламалар жалған болып шығады, - деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
Осындай хабарлама немесе қоңырау қабылдаған кезде ақшаның қайдан келгенін тек банктің ресми мобильді қосымшасында немесе интернет-банкинг арқылы тексеріп алған абзал. Белгісіз нөмірден келген SMS-хабарламаға сақ болып, күдікті сілтемеге өтпеу керек.
Алаяқтық схеманың тағы бір түрі бар. Ол жағдайда қаскөйлер белгілі бір азаматтың шотына шынайы түрде ақша аударады. Кейін олар ақша аударған адам болып қоңырау шалып, «қателесіп аударғанын» айтады да, түскен ақшаны қайтаруға басқа бір үшінші тараптың шотын ұсынады. Әңгіме кезінде психологиялық қысым (мысалы, ақша баланың еміне керек екенін айтып) көрсетуі немесе құқық қорғау органдарына, болмаса, сотқа шағымданатынын айтып, қорқытуы мүмкін. Көбіне алаяқтар өзін «күш құрылымдарының» немесе «Ұлттық Банктің қызметкері» ретінде таныстырып, жеке және банк деректерін сұратады, - делінген хабарламада.
Ұлттық Банк осындай оқиғаға тап болған жағдайда немесе белгісіз біреулерден ақша түскенде үшінші тараптың шотына ақша аударудан сақ болуға шақырады. Өзгеден келген ақшаны қайтару амалын нақтылау үшін дереу банкке хабарласқан дұрыс. Қажет болса, тиісті өтінішті тапсыру үшін банктің ең жақын бөлімшесіне бару керек.
Айта кетейік, Ұлттық Банк қызметкерлері аудио және видеоқоңырау шалмайды, жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейді, түрлі инвестициялық қорлар мен қаржы өнімдеріне қаржы салымдарын ұсынбайды, ақша құралдарын сақтандырумен айналыспайды, халықпен де ақшалай есеп айырыспайды.
Еске салайық, бұған дейін ақмолалық азамат “депозитке” аударған 5 млн теңгесінен айырылған болатын.