Шошқа етіне бөлінетін ерекше қамқорлықтың сыры неде? – Қазыбек Иса

31 Қаңтар 2024, 14:25
864
Бөлісу:
Шошқа етіне бөлінетін ерекше қамқорлықтың сыры неде? – Қазыбек Иса
Фото: pixabay.com

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса жылқыға субсидия беріліп, жылқы етін мемлекеттік сатып алу тізіміне енгізу қажет екенін ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат осыған қатысты сауалын Үкімет басшысына жолдады.

Жылқы малы қыстан аман шыға ма? Биылғы қалың қар, қатты қыс мал шаруашылығына оңай тиіп жатқан жоқ. Бұл әсіресе, қазақ "ер қанаты" деп бағалаған жылқы малына аса ауыр тиіп жатыр, - дейді Қазыбек Иса.

Депутаттың сөзінше, еліміздің солтүстік өңірлерінде жем-шөптің таусылып, далада қардың беті жаппай мұз құрсанып, жылқылар тебіндей алмай, толықтай қолға қараған, өлім-жітім көп деген ақпараттар келіп жатыр. 

Шаруалар онсыз да жем-шөбі жоқ, жөнді субсидия берілмейтін жылқы малынан айырылып қалу қаупі бар. Өйткені жем-шөбі таусылған фермерлер де, қорадағы малына қараған ауыл адамдары да жылқыны арзан бағада болса да, соғым орнына жаппай сатып жатыр.

Ақмола облысының бірнеше ауданында жылқы басының азайып бара жатқанын айтып, дабыл қаққандар көп. Зеренді ауданындағы Ақадыр, Васильков, Заречный, Шағалалы сияқты ондаған ауылда жұрт жем-шөп таппай, қиналып отыр. Ақкөл ауданының малшыларының жағдайы да мәз емес. Шөптің бағасы тым шарықтап кетіп, бір орамы 20 мың теңгеге дейін жетті дейді. Бұған басты себеп – жайылым және шабындық жерлердің тапшылығы. Тіпті, жайылым жерінен мүлдем айырылып қалған көптеген ауылдарда (Зеренді ауданындағы Ақадыр, Айғыржал, Ортақ, Қошқарбай, Раздольный, Күсеп, Первомайский) жылқылар қолға қарап тұр. Егінді елдің іргесіне дейін егіп тастаған. Жанармай құны 300 теңгеден асып, аспандап кеткен, - деп айтты мәжілісмен.

Яғн, көптеген ауыл тұрғындары көтерем болып жатқан көп жылқы көктемге жетпей қалуы мүмкін деп дабыл қағып жатыр.

Қазыбек Иса мынадай ұсыныстарын айтты:

1. Үкімет пен құзырлы министрлік, ведомстволар, әкімдіктер қазаққа қадірі артық жылқы малын аман алып қалу үшін арнайы «Жол картасын» жасауы қажет.

2. Бүгіндегі ең үлкен мәселенің бірі - шаруалар бейнеттеніп өсірген жылқысын лайықты бағасына сата алмауы. Сондықтан жылқы етін мемлекеттік сатып алу тізіміне міндетті түрде енгізу қажет. Тағамын таңдап ішер хан-сұлтандар мен батырлардың сүйікті асы болған, жеңіл қорытылуы мен денсаулыққа пайдасы ғылыми дәлелденген текті жануар жылқы еті тауық пен шошқа етінен кем болғаны ма?!.

3. Үкімет жылқыға субсидия беру мәселесін қайта қарауы тиіс.

Бізде мал шаруашылығында құс тұқымдарына да, тіпті шошқаға да субсидия бар, ал төрт түліктің төресі жылқыға мардымды субсидия жоқ. Республикалық бюджеттен 2023 жылы - жылқыға бар болғаны 52,9 млн теңге бөлінсе, шошқаға - 2,1 млрд теңге бөлінген. Яғни шошқаға бөлінген қаржы жылқыдан 40 еседей көп... Еліміздің басым бөлігі жемейтін шошқа етіне деген соншалықты ерекше қамқорлықтың сыры неде?

4. Жайылым мәселесі үшін мемлекеттік комиссия құрылып, жердің қаншалықты, қалай жаратылып жатқанын түпкілікті тексеріп, нақты шешу керек.

Депутаттар жылқы малын қыстан аман алып қалу үшін Үкіметтен шұғыл кешенді шаралар күтетінін айтты.

Өзгелердің жаңалығы