Қазақстанда шопандардың балаларын әскерге шақыру мерзімі кейінге шегерілуі мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин мәлімдеді.
Біз оларды (шопандардың балаларын – ред.) «мүлде бармасын» деп айтып отырған жоқпыз. Әңгіме тек кейінге шегеру туралы болып отыр. Қазақстанда династия болып еңбек етіп жүргендер аз емес. Кейбір шаруашылықтарда көрсеткіш жоғары: 100 аналықтан 150-ге дейін қозы алады. Осындай жағдайда, егер әкесіне көмек қажет болса, кәмелет жасына толған ұлына уақытша кейінге шегеру беру жөнінде сөз қозғап отырмыз. Яғни белгілі бір мерзімге ғана. Қазір бәрі жеке шаруашылық, біз оған дамуына кедергі келтірмеуіміз керек. Мәселе тек осы – уақытша шегеру туралы, - деп түсіндірді вице-министр Сенаттың кулуарында өткен баспасөз брифингінде.
Айтуынша, бұл мәселе әлі пысықталып жатыр.
Ал оның нақты қанша жылға берілетіні, шарттары қандай болатыны кейінірек нақтыланады. Мұның бәрін Қорғаныс министрлігімен бірлесіп қарастырып, пысықтаймыз. Қазір бұл кешенді жоспарға енгізілген, енді оны толықтай өңдеп шығамыз. «Бұл қашан енгізіледі?» деген сұраққа келсек, әзірге Үкіметтің тиісті қаулысымен бұл кешенді жоспар ресми түрде қабылданған жоқ. Ол тек талқыланып, Үкімет тарапынан мақұлданды. Құжат ресми қабылданғаннан кейін, осы жоспардың жұмыс істеуі үшін қажетті нормативтік-құқықтық актілер қабылданады. Сол кезде барлық тетіктер мен талаптар толық әрі нақты көрсетіледі, - деді Аманғали Бердалин.
Бұған дейін әскерге кеткендер енді кредит ала алмайтыны жайында жазған едік.