Павлодар облысында шомылу маусымы аяқталды. Жаз кезеңінде 11 адам суға кетті, олардың екеуі – бала. Сонымен қатар, сегіз адам құтқарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ал өткен жылы алты адам қайтыс болған. Олардың үшеуі кәмелеттік жасқа толмаған болып шықты.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының офицері Темірлан Жапалбайдың айтуынша шомылу маусымы ресми түрде жабылса да, қайғылы жағдайларды алдын алу шаралары жалғасады.
Жазда демалушылардың қауіпсіздігіне басымдық берсек, енді аңшылар мен балықшыларды назарға аламыз. Профилактикалық шаралар күшейтіліп, мониторинг жүріземіз. Шомылу маусымы кезінде рұқсат етілмеген жерде суға түсіп, қоғамдық тәртіпті бұзған 200-ден астам азамат жауапкершілікке тартылды. Ал мас күйінде жүрген 108 павлодарлыққа 590 мың теңгенің айыппұлы салынды. Су айдындарында қауіпсіздік ережелерін елемеген 60-қа жуық адамға қатысты шара қолданылды. Қазіргі уақытта рұқсат етілген жағажайларда тұрған құрал-жабдықтардың барлығы алынып тасталды. Осы уақытта суға түскен адам қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылады, - дейді Темірлан Жапалбай.
Шомылу кезеңінде облыс бойынша 47 шомылу орны ашылды.
Жазда «Бақытты балалық шақ» қауіпсіздік мектебі жұмыс істеді. Осы уақытта 400-ден астам бала шомылуға үйренді. Кешенді профилактикалық шаралар қолға алынды. Мәселен, жеті мыңға жуық рейдтік шара ұйымдастырылып, жаднамалар таратылды. Шомылуға болмайтын жерлер туралы ақпарат тарату мақсатында су айдындарының жағаларында жүздеген белгі орнатылды. Сонымен қатар, қауіпті жерлерде 45 QR-код пайда болды. Бұл орындар туралы ақпарат 2ГИС қосымшасында қолжетімді, - дейді Темірлан Жапалбай.