Жаз мезгілінде Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары судан 136 адамды, оның ішінде 51 баланы құтқарды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ресми түрде суға түсу маусымы 3 айға созылады - 1 маусымнан 31 тамызға дейін.
Суға шомылу маусымы басталмас бұрын және оны өту кезінде тұрғындармен судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша ақпараттық-профилактикалық жұмыстар жүргізілді.
Барлық жерде жүргізілген жұмыстарға қарамастан, жаздың үш айында 177 адам, оның ішінде 53 кәмелетке толмағандар суға батып кетті. Салыстыру үшін: өткен 2022 жылғы шомылу маусымында 184 адам суға батып кетті (-4%), соның ішінде 62 кәмелетке толмағандар (-15%).
Суға батқандардың 98 пайызы жабдықталмаған жағажайларда суда шомылған. Судағы өлімнің негізгі себептері – өз күшін асыра бағалау, мас күйінде суға түсу, жүзе алмау. Ал балалардың суға батуының басты себебі – оларды ересектердің қараусыз қалдыруы.
Жалпы республика бойынша суда жаппай демалуға рұқсат етілген 612 орын бар. 4285 орын суға түсуге қауіпті деп танылып, суға түсуге тыйым салынған орындар тізіміне енгізілген.
Тыйым салынған және рұқсат етілген шомылу аймақтары туралы деректер 2GIS платформасында орналастырылған.