Шомылу маусымы. 2GIS-те қауіпті жағажайлар туралы ақпарат пайда болды

11 Маусым 2024, 18:29
321
Бөлісу:
Шомылу маусымы. 2GIS-те қауіпті жағажайлар туралы ақпарат пайда болды
Фото: автордан

Павлодар облысында шомылуға тыйым салынған қауіпті жағажайлар туралы ақпарат 2GIS қосымшасында пайда болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденовтің мәліметінше, шомылу маусымында аймақта 47 жағажай ресми түрде жұмыс істейді. Олардың 27-сі – коммуналдық.

Қазір шомылу орындарының аумағы мен су айдындарының түбі тазартылып жатыр. Сонымен қатар қоғамдық құтқарушыларды оқыту жүргізілуде. Шомылу маусымына дайындықтың негізгі шаралары шеңберінде рұқсат етілмеген орындарда 200-ге жуық арнайы белгі орнатылды. Алдағы уақытта олар тағы 70 құралмен толығады. Жүзуге тыйым салынған 47 қауіпті жағажай туралы мәлімет мобильді қосымшада пайда болды. Сондай-ақ кей орында QR-кодтар орнатылды. Код арқылы кез келген адам қауіпті орын туралы толық ақпарат ала алады. Бұл шаралар халықты су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері туралы ақпараттандыру үшін қажет, - дейді Қайрат Шаймарденов.

Шомылу кезеңіне дайындық аясында облыстың қалалары мен аудандарында 600-ден аса рейдтік шара ұйымдастырылған. Биыл құтқарушылар мектебінің жұмысы да жалғасын табады. Сала мамандары жеткіншектер мен ересектер үшін судағы қауіпсіздік ережелері, алғашқы медициналық көмек көрсету және жүзу дағдыларын үйрету бойынша сабақтар өткізеді. Кешенді жоспар шеңберінде облыста 122 каркасты бассейн ашылатын болады. Олар әр мектепте орнатылып, жазғы лагерь жұмысы шеңберінде пайдаланылады.

Айта кетейік, шомылу маусымында тұрғындардың судағы қауіпсіздігін сақтау шараларына 93 млн теңге бөлінді.

Өзгелердің жаңалығы