Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев «Мақтаарал» футбол командасының бапкерлері мен ойыншыларымен жүздесті.
Мақсаты биік «Мақтаарал» футбол клубының Премьер-лигаға шығуға бар мүмкіндігі бар,— деген облыс басшысы теңбіл доп шеберлеріне сәттілік тілеп, жеңіске жетелейтін ақыл - кеңесін айтты.
Түркістан облысында футболдың дамуына ерекше көңіл бөлінген. Бірінші лигада ойнайтын «Мақтаарал» футбол клубы жақсы жетістіктерге жетіп келеді.
Спортшылар бірінші лига клубтары арасында өтетін ҚР біріншілігінің алдында үш кезеңнен тұратын оқу-жаттығу жиынын өткізді. Тәжірибелі командалармен бірнеше жолдастық кездесу өткізіп, шеберлікті шыңдады. Осыдан тура 10 жыл бұрын негізгі қаланған футбол клубы дәрежелі, қызықты ойын өрнегін көрсетіп, еліміздегі алдыңғы қатарлы клубтарға қауіпті қарсылас бола алды.
Қазіргі таңда «Мақтаарал» футбол клубы ҚР біріншілігінің турнир кестесінде 1-ші орында тұр. 2021 жылғы ҚР OLIMPBET кубогы іріктеу кезеңдерінде топтық кезеңінің нәтижесі бойынша 3-ші орынды иеленді. Атакент кентіндегі «Алпамыс батыр» стадионында өткен кездесуге балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жас спортшылары өнер көрсетті.
Мақтаарал, Жетісай аудандарына жұмыс сапары кезінде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жаңадан құрылған «Жетісай спорт клубының» жұмысымен танысты. Клубта футбол, волейбол, баскетбол, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт түрлері, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы және қол добы спорт түрлері бар. Онда ауданның 42 азаматы мен 600-ден астам бала мен жасөспірім, жалпы 670 спортшы шұғылданады.
Облыс әкімі жас спортшыларға ел намысы мен сенімін арқалаған ауыр да абыройлы жолда күш-қуат тілеп, сүйінші сұрар жеңісті күндердің көп болуын тіледі.