Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингінде «Керуен-Сарай» орталығының қандай материалдан салынғаны туралы айтты.
Оның айтуынша, ол құрылыс барысына өзі бас-көз болған.
Күнде құрылыс басында жүрдім. Оның пенопласттан салынбағанына көзім жетеді. Нысан темір-бетоннан, арматурадан салынды. Оның үстіне құрылыс сейсмикалық қауіпсіздікке де сай салынды. Ішкі әрлеу жұмыстарында түрлі материалдар пайдаланылды. Соны байқаған біреу нысан толықтай содан салынған деп ойлаған, - деді ол.
Шөкеевтің сөзінше, құрылыс жұмыстарын жүргізген Sembol - әлемде беделге ие компания. Ол өз абыройы үшін жұмыс істейді.
Сонымен қатар ол пенопласттың құрылыста кеңінен пайдаланылатынын атап өтті.
Құрылыстың мәнін түсінетін адам оның ішкі қабырға материалы ретінде қолданылатын кәдімгі материал екенін біледі. Шымкенттің көп нысанының фасадында да ол кеңінен пайдаланылды. Ол өте арзан, тиімді материал. Менің ойымша, біреу жай ғана хайп жасағысы келді. Алайда біз ақпарат таратпас бұрын өз еліміздің абыройын да ойлауымыз керек. Мұнда турист тартуды, инвестиция тартуды көздеп отырмыз, - деді ол.