Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы Мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Рүстем Әлиев онлайн брифинг барысында шағын және орта бизнес өкілдерінен төтенше жағдай кезеңіндегідей жалдау төлемдерін тоқтата тұруға өтінім қабылдап жатқандарын айтты.
Оның айтуынша, Алматы қаласы әкімдігі осы жылдың 20 наурыз бен 19 маусым аралығында шағын және орта бизнес өкілдері үшін 612 жалдау төлемдерін тоқтатқан. Бұл ретте бюджеттің кіріс бөлігіне түсетін қаржы 170 млн теңгеге қысқарыпты.
Төтенше жағдай кезінде ҚР Қаржы министрлігі мен «Ақпараттық есепке алу орталығы» АҚ шағын және орта бизнестегі жалға алушыларға төлемдерді тоқтата тұруға қосымша келісімдер жасауға мүмкіндік беретін уақытша қызметті әзірледі. Осы жылдың 1 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторға тиесілі жылжымайтын мүлік нысандарына ШОБ үшін жалдау ақысы 1 қыркүйектен бастап жыл соңына дейін тоқтата тұруды тапсырды. Сондықтан 4 қыркүйегінен бастап өтініш қабылдайтын сайт қызметі қайта іске қосылды, - дейді ол.
Бұл шағын және орта бизнестегі жалға алушыларға ҚР аумағында төтенше жағдай кезінде әрекет ету кезеңіндегі сияқты жалдау төлемдерін тоқтата тұруға өтінім беруге және қайта келісімдер жасауға мүмкіндік береді екен. Бүгінгі жағдай бойынша жалдау төлемдерін тоқтата тұруға 280 өтінім жолданған, оның 171-і өңделген.
1 қыркүйектен жыл соңына дейін әкімдік шағын және орта бизнестің жалға алушыларымен 499 жолдау шарты бойынша есептерді тоқтата тұрады. Бұл ретте бюджеттің кіріс бөлігіне түсім жоспары 206 млн теңгеге қысқарады. Көктемдегі және осы жолғы тоқтата тұруды ескерсек, мемлекет бюджетіне түсетін жалпы сома 376 млн теңгеге қысқармақ, - дейді Әлиев.
Сонымен қатар, ол «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде Алматы қаласының мемлекеттік активтер басқармасы Telegram қосымшасында виртуалды консультант (чат-бот) енгізіп жатқанын айтты. Қазіргі уақытта gosaktivy_bot чат-боты мемлекеттік мүлікті жалға беру бойынша барлық сұрақтарға жауап бере алатын виртуалды консультантты іске қосты.