ШҚО тұрғындарының 97%-ы жылдамдығы жоғары интернетке қол жеткізе алады

16 Шілде 2021, 13:41
1862
Бөлісу:
ШҚО тұрғындарының 97%-ы жылдамдығы жоғары интернетке қол жеткізе алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімдігінде өткен кеңейтілген аппарат отырысында Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Алмат Ақышов айтты.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда облыстың барлық қалалары мен аудан орталықтары жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етілген.

Сонымен қатар, аймақтағы 683 ауылдың 538-не кең жолақты интернет жеткізілген. Онда ШҚО халқының 97%-ы тұрады. Оның ішіндегі 277 ауылда интернет жылдамдығы 8 Мбит/с және одан жоғары, ал 261 ауылда 2 Мбит/с шегінде, қалған 145 ауылда жылдамдығы жоғары интернет жоқ. Ол ауылдардағы интернеттің жылдамдығы 0,5 Мбит/с-тен аспайды.

Ауылдарды кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету үшін және қолданыстағы арналарды күшейту мақсатында биыл 32 ауылдағы WFA технологиясы 3G/4G-ге ауыстырылады. Тағы 11 ауылдың интернетін жерүсті байланыс арналарына (радиорелелік немесе «оптикалық талшық») ауыстыру жоспарланған.

Сонымен қатар 22 ауылдағы ұялы байланыс пен мобильді интернеттің сапасын қамтамасыз ету және жақсарту қарастырылған. 16 ауылда мемлекеттік нысанға дейін «талшықты-оптикалық» желі жеткізілді, енді халыққа интернет тарату жоспарланып отыр, - деп хабарлады Алмат Ақышов.

Сондай-ақ ол ауылдарды жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету жұмыстарының басым бөлігі 2022-2024 жылдары атқарылуы тиіс екенін айтты. Сол кезде ШҚО халықының кеңжолақты желіге қол жеткізу көрсеткіші 99%-дан асатын болады.

 



Өзгелердің жаңалығы