Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Саннан гөрі сапаны жайластыруға бағытталған «Сыбаға» бағдарламасының іске қосылғанына он жылдан асты.
Бүгінде Зеңгі баба төлінің сапасын жақсартуға бағытталған жобадан шығысқазақстандық шаруалар да қалысып жатқан жоқ. Он жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан бағдарлама бойынша бүгінгі күні облыс аумағына 13 мыңнан астам шетелдік ірі қара мал жеткізіліп үлгерген. Яғни өңір шаруалары жыл сайын белгілі бір мөлшерде шетелдік ірі қара мал әкеліп, етті бағыттағы түлік санын арттырып отыр.
«Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасын қолдану кезеңінде 5 миллиард теңгеден астам сомаға 13 168 бас ет бағытындағы импорттық ірі қара мал сатып алынды. Бүгінде бұл бағдарламаның ресми операторлары болып, «Аграрлық несие корпорациясы» мен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» ұйымдары белгіленген, - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Владимир Гайламазян.
Басқарма басшысының айтуынша, 2012-2017 жылдар аралығында облыс аумағына жеткізілген импорттық ірі қара саны жыл сайын 328-ден 1527 басқа дейінгі аралықты құраса, 2018 жылдан бастап көрсеткіш жоғарлаған. Атап айтсақ, 2018 жылы облыс шаруалары 2 707 бас ірі қараны шекарадан асырып әкелсе, 2019 жылы мал санын алты мыңға жуықтатқан. Алайда, 2020 жылғы коронавирустық пандемияға байланысты жарияланған карантиндік шаралар өз әсерін айтарлықтай тигізіп, шетелден әкелінетін мал санын күрт төмендетті.
«Сыбаға» бағдарламасы бойынша қаржыландыру көлемі пандемия кезеңінде шекаралардың жабылуына байланысты қысқарды. Дегенмен, карантиндік шектеулер кезінде ірі қара малдың ел аумағына кіре алмай шекарада тұрып қалған және оны күтіп-бағуға қатысты шығындар болған жоқ,– дейді Владимир Гайламазян.
Бірақ, осыған қарамастан өткен жылы Аграрлық несие корпорациясының облыстық филиалы арқылы «Сыбаға» және «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламалары арқылы шетелдік мал сатып алу үрдісі жалғасып, өңірдегі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер 2690 бас асыл тұқымды шетелдік сиырлар сатып алды. Сондай-ақ, облыста селекциялау жұмыстары жүргізіліп, асыл тұқымды сиырлар саны 110 мың басқа жетіп, 2019 жылмен салыстырғанда төрт мың басқа көбейді.
Облыстық ветеринария басқармасының деректері бойынша, шетелдерден әкелінетін мал 21 күн бойы карантинге қойылады. Бұл бірінші кезекте шекара асып келген малмен қауіпті індеттің таралуына жол бермесе, екіншіден Зеңгі баба төлінің жерсінуіне жағдай жасайтын үрдіс.
Карантиндегі малдан қан алынып, зертханада тексеріледі. Ешқандай ауру белгілері анықталмаса мал карантиннен шығарылады, – деп қосты Владимир Гайламазян.
Өңір билігінің биылғы жылға қойып отырған жоспары көңілге үміт отын жағады. Яғни, биыл пандемиялық шектеулерге қарамастан жалпы сомасы 1841 млн теңге қаражатқа 5 389 бас асыл тұқымды мал сатып алу жоспарлануда. Ал алдағы уақытта асыл тұқымды ірі қара малды сатып алу көрсеткішін алты мың басқа дейін өсіру көзделіп отыр.