Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасының шеңберінде облыста сомасы 8 миллиард теңгеден астам қаражатқа абаттандыру бағытындағы 142 жоба іске асты.
ШҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының ақпаратына сүйенсек, қазіргі уақытта барлық жобаларға қатысты келісім-шарттар мердігер компаниялармен жасалып, жұмыстар қолға алынған. Абаттандыруға қатысты жобалар шеңберінде 4,4 мың адам екі қолға бір күрек ұстады. Олардың 2216-сы уақытша жұмыспен қамтылса, 238-і тұрақты жұмыс тапты. Сондай-ақ, Жұмыспен қамту орталығы тарапынан 1976 жұмыс орны қамтамасыз етілді.
Бүгінгі таңда Риддердегі, Курчатовтағы, Глубокоедағы, Жармадағы, Зайсандағы, Ұландағы, Күршімдегі, Катонқарағайдағы және Тарбағатайдағыатқарылып жатқан жобалардың жұмысы аяқталып, нысандарды қолданысқа берді, - деді ШҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Самат Сүлейменов.
Оның айтуынша, Абай ауданындағы атқарылып жатқан он жобаның 9-ы қазіргі уақытта аяқталса, біреуіндегі жұмыстар әлі де жүргізілуде. Ақынның туған жерінде, атап айтсақ, Қасқабұлақта, Архатта ауызсу құбырлары қалпына келтіріліп, Қарауылдағы 27 тұрғынүйдің аулалары абаттанды. Сонымен қатар, осы сияқты жұмыстар Құнанбай атындағы көшеде де жүргізіліп, Зере, Сүндетбай, Құтжанов, Бекбосынов, Айгерім көшелеріндегі жарық жүйелері қайта жаңарды. Сондай-ақ, аудан орталығы Қарауылда жарық диодты арка орнатылып, қос санитарлы-гигиеналық тораптар орналастырылды. Қолға алынған жобалардың ішінде әзірше Қарауыл ауылындағы Абай саябағының құрылыс жұмыстары аяқтала қойған жоқ. Жалпы, мемлекеттік бағдарла аясындағы жобалар ауданның 326 тұрғынын жұмыспен қамтып, нәпақа табуына жағдай жасады.
Бұдан бөлек, Аягөз ауданында жүзеге асырылып жатқан 38 жобаның қазіргі уақытта 35-і соңына жеткен. Қолға алынған жұмыстар аясында Ақшидің, Айғыздың, Баршатастың, Бидайықтың, Қосағаштың, Мәдениеттің, Емелтаудың, Майлиннің, Шынқожаның, Сарыарқаның, Батпақтың, Тарбағатайдың ауызсу құбырлары қайтадан жөндеу көрді. Сондай-ақ, аудан орталығы Аягөздегі бес қазандық жолдары ағымдағы жөндеуден өткізілді. Аягөздегі Нұгыманов, Шәкенов көшелері, Мәдениеттегі Ақжолтай, Шакантай, Малгелдідегі Сарыарқа, Мамырсу ауылындағы Төлендінов, Алтынсарин, Бекжанов, Баршатас ауылындағы Балга, Шакантай, Сарыарқа, Ақтоғайдағы Балтабекқажы, Ақши ауылындағы Қуаныш көшелері қайта жарықтандырылды. Сонымен қатар, жобалар аясында Аягөзде жеті стрит воркаут алаңы жасалды. Жалпы, аудан аумағында жүзеге асырылған жобалар аясында 515 аягөздік жұмыс тапты.
Жауапты тұлғаның айтуынша, Бородулиха ауданында іске асырылып жатқан алты жобаның қазіргі уақытта 5-і соңына жеткен. Жобалар аясында Пролетарка елді мекеніндегі су құбырлары қайта жөнделді. Белағашта, Зенковкада көшелер жарықтандырылған. Сондай-ақ, Ивановка мен Бородулихада шағын футболға арналған алаңдар ашылған.