Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Үржар ауданының Жарбұлақ елді мекеніндегі орта мектепте сөз зергері, тарихшы-этнограф Зейнолла Сәнік атындағы сыныптың ашылуы өтті.
Бұл туралы белгілі ақын Ақберен Елгезек Facebook-тегі парақшасында хабарлады.
Салтанатты шараны «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры» ұйымдастырды. Заман талаптарына сай жасақталған әдебиет кабинеті 3,5 млн теңгеге жасақталған.
Сол сыныпта білім алып, армандарын ұштайтын жасөспірімдер үшін қуандық. Сондай мүмкіндіктер жасаған Қанат Сәнік ағамызға, Қанекеңнің қасында осындай үлкен шаруаларды тыңғылықты ұйымдастырып жүрген ақын Серік Қалиев пен Жарқын Сәленұлы мырзаларға дән риза болдық... Қор биыл жарты миллионға жуық қаржы жұмсап, үздік оқушыларға аталарының атындағы шәкіртақы тағайындапты. Шәкіртақысын алған оқушылардың бал-бұл жайнаған жүздерін көрген адам «е, әр қалталы адамның қолынан келетін шаруа ғой, өстісе болады ғой» деп риза көңілмен ойланып қалар еді. Осындай игі жұмыстар қазақтың ішінде көп болсыншы!, - деп жазды қаламгер.
Айта кетейік, Зейнолла Мүбәракұлы Сәнік 1935 жылы Қытайдың Тарбағатай аймағында дүниеге келген. Пекин қаласындағы орталық жастар институтын бітіріп, еңбек жолын баспагерліктен бастаған. Үрімжідегі жастар баспасында жауапты редактор болып қырық жылдай қызмет атқарған. 1955 жылдан бастап әдеби зерттеу жұмыстарын жаза бастаған. Сол уақытта Қытайда жүргізілген «мәдени төңкерістің» ауыр соққысына ұшырап, «халық жауы» болып, ауыр күндерді де өткерген.
Соған қарамастан, қаламгердің ғылыми еңбектерінен, роман, повестерінен құралған жиырмадан астам кітабы жарық көрген. Қазақстанда «Қаракерей Қабанбай», «Хас батыр Қабанбай», «Тұғырыл хан», «Демежан батыр», «Халық күйшісі Қайрақбай», «Баспай» атты кітаптары мен еңбектері жарияланған.