Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Семей қаласына қарасты Мұқыр ауылына таза ауызсу жеткізілді.
Облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасы хабарлағандай бүгінгі күні Мұқыр елді мекенінде 2 орта білім ордасы, 2 амбулатория, ветеринариялық және фельдшерлік пункт, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпкерлік нысандары жұмыс істеп тұр. Осы уақытқа дейін 1200 тұрғыны бар ауыл тұрғындары апатты жағдайдағы екі колонкадан су ішіп келген болатын. Үстіміздегі жылы жалпы сомасы 477,264 млн теңгені құрайтын жобаны «DK Proekt» ЖШС-і қолға алып, ауызсу құбырларын тартып, кей жерлерін қайтадан жаңғыртты.
2019 жылы аталмыш жобаны іске асыру мақсатында 160 млн теңге қарастырылып, толық игерілген болатын. Биыл бюджеттен су құбырларын тарту жұмыстарын аяқтау үшін 317,264 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бұл қаражатқа ауыл ішінде 20,8 километрлік құбыр желілері төселіп, екі сужинағыш станция мен су тартатын құрылыстар бой көтерді.
«DK Proekt» компаниясы Мұқыр ауылына су құбырларын тарту жұмыстарын толық орындап шықты. Аталмыш жобаны іске асыруда 18,7 километр су құбырларын төсеп, модульді су көтеру станциясын орнаттық. Бұдан бөлек, су жинайтын станцияның аумағына электр желілерін тарттық. Осылайша, қазіргі уақытта ауызсуы үйлерінің ішіне енгізілген тұрғындардың саны 1 396 адамды құрады, – деді «DK Proekt» ЖШС-ның директоры Мақсат Шәкіров.
Сондай-ақ, сумен жабдықтау, су бұру объектілерін салу, қайта жаңғырту, блоктік-модульді станциялар орнату бойынша 130 жобаны жүзеге асыру үшін 25,04 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылды. Оның 73 жобасы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен, 7-і – «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасымен, 50-і – 50 ауылды елді мекендерде блоктік-модульді станция орнату бойынша жүзеге асты.
Аталған 73 жобаның 51-і өткен жылдардан бері жалғасып келе жатқан өтпелі жобалар болса, 22-сі жаңадан қолға алынған жобалар. 51 жобаның 24-і жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Олардың ішінде Глубокоеның Уваров, Тарханкасы, Күршімнің Қалжыры, Көкпектінің Көкжыра, Көкпекті ауылдары, Ұланның Тарғын, Үржардың Бестерек, Көктал, Сағат ауылдары мен өзге де ауылдар бар. Қазіргі таңда Мұқыр ауылынан бөлек, Маңырақ, Меновное сынды елді мекендерде тағы екі жоба аяқталған.