ШҚО өзендерінде мұз жару жұмыстары жүргізілуде

25 Наурыз 2021, 02:32
1046
Бөлісу:
ШҚО өзендерінде мұз жару жұмыстары жүргізілуде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шығыс Қазақстан облысындағы 11 учаскеде мұз жару жұмыстары жүргізілді. 

ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, департамент мамандары су тасқынының алдын алу мақсатында бірқатар шараларды қолға алуда. Бүгінде облыс өзендеріндегі қауіпті саналатын 11 учаскеде мұз жару жұмыстары жүргізілген. Бұл үшін 4 тоннадан астам жарылғыш зат жұмсалды. 

Шығыс Қазақстанда сең жүрген кезде мұз кептелуі мүмкін 18 қауіпті учаске анықталып отыр. Ондағы мұз қалыңдығы 50 см-ден 1,5 метрге дейін жетеді. 24 наурызда Малеевск және Зубовск ауылдарының маңындағы Бұқтырма өзенінде мұз жару жұмыстарын жүргіздік. Ертең Быково және Богатырево ауылдарында осындай шаралар атқарылуда, - деді облыстық ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Алексей Штыкель. 

Ауа температурасының жоғарылауына байланысты Алтай ауданындағы Малеевск ауылдық округінің аумағында Путинцево, Богатырево, Быково ауылдарына апаратын жолдың бойында жасанды жолмен қар көшкіні жүргізілген. Нәтижесінде 15 мың текше метр қар түсті. Бүгінде өңірдегі 94 қауіпті учаске мамандар бақылауына алынған. Департамент қызметкерлері облыс өзендеріндегі жағдайды тұрақты назарда ұстауда.

Құтқарушылар тұрғындарға көктемгі су тасқынының қаупін ескертуде. Балық аулау орындары мен аңшылық дүкендерде рейдтер жүргізіп, жадынама таратуда. Сондай-ақ мұз үстінде балық аулау кезіндегі сақтық ережелерін қаперде ұстау қажеттігін түсіндіріп жатыр, - деп хабарлады ведомство өкілдері.


Өзгелердің жаңалығы