Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Алтай ауданындағы Першиндер отбасы осымен төртінші рет «Аға сеньор» жобасының көмегіне жүгініп, кәсіби мамандардың кеңестеріне құлақ асты. Бұл жолы ауданға отандық маман Светлана Өмірзақова барып қайтты.
Азық-түлік өнімдерін өндіретін «Золотой рассвет» кешені Алтай аданындағы танымал кәсіпорындардың бірі. 20 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл кәсіпорын жыл сайын өнім көлемін арттырып, өндіріске жаңа бағыттар қосуда. Істерін шағын наубайханадан бастаған олар, кейін кондитерлік, сонан соң мұздатылған жартылай фабрикаттар мен күнбағыс дәнін қуыратын цех ашқан.
Першиндер отбасы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «Аға сеньор» жобасының көмегіне осымен төртінші рет жүгініп отыр. Алғаш рет мұнда Германиядан шақырылған отбасы келіп, ұжымды жаңа кәсіпке машықтаса, келесі жылы Түркиядан кондитер, ал 2019 жылы Украинадан шақырылған маман келді. Биылғы жылы «Аға сеньор» ретінде отандық маман Светлана Өмірзақова келіп, кәсіпорын ұжымын ұннан кондитерлік тағамдар жасауға үйретті. Миссия барысында куроссан, түрік батоны, француз багеті, пісірілген прәндік пен басқа да 10-нан астам нан өнімдерін жасау жүйесі қалыптасты.
Светлана Кабдуахитқызының көмегі зор болып, өз міндетін өте жақсы атқарды. 10 күн бойына біз кешкі сағат тоғызға дейін демалыссыз жұмыс істедік. Ол бізге өндірістік шығындарды азайту мақсатында жаңа және осыған дейін шығарылып келген өнімдердің өзіндік құнын арзандатуға, сондай-ақ цех ұжымның жұмыс жүйесін жақсартуға көмектесті. Біз осыған дейін келіп-кеткен шетелдік шеберлерден кейін осындай жетістікке жетіп көрген жоқпыз. Свтелана Қабуахитқызы кеткенге дейін біз куроссандарды сатуды жолға қойып, тапсырыс алуды бастап кеттік, – дейді кондитерлік цехтың басшысы Варвара Першина.
Ассортимент көлемін ұлғайтумен және жаңа өнімдер қатарын толықтырумен қатар, миссия нәтижесінде өнімнің өзіндік құны арзандап, ерекше технологиялардың арқасында оларды сақтау мерзімі ұзарды. Сонымен қатар, жаңа жұмыс орындары ашылып, тұрғындардан түсетін тапсырыс көлемі ұлғайды.