ШҚО-да қатты қалдықтарды өңдейтін екі жүйе салынады

18 Наурыз 2021, 11:27
1618
Бөлісу:
ШҚО-да қатты қалдықтарды өңдейтін екі жүйе салынады

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығысқа тұрмыстық қатты қалдықтарды жекелеп жинауға мүмкіндік беретін құрылғылар мен арнайы техникалар жеткізілді.

Шығыс Қазақстанда тұрмыстық қатты қалдықтарды жекелеп жинауға мүмкіндік беретін контейнерлер мен арнайы техникаларды табыстау рәсімі өткізілді. Шараға қатысқан аймақ басшысы Даниал Ахметов бұл жергілікті «Оператор РОП» ЖШС-і мен Еуропалық қайта құру және даму банкі арасындағы ынтымақтастықтың жемісі екенін атап өтті.

Бұл өңіріміздегі басты мәселелердің бірі – экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған қадамдардың бірі. Сол себепті қалдықтарды жекелеп жинауды және қоқысты саралауды халық арасында насихаттауымыз керек. Қазіргі уақытта бізде бұл үшін барлық жағдайлар жасалған. Бұған Өскемен және Семей қалаларының тұрғындары қосылады деп ойлаймын. Өйткені, бұл біздің ортақ мәдениетіміз, - деді Даниал Ахметов.

Тұрмыстық қатты қалдықтарды жекелеп жинау үшін «Оператор РОП» кәсіпорны өңірдің екі ірі қаласы үшін 2856 контейнер мен 12 жаңа қоқыс тасушы көлік сатып алып, қалдықтарды саралайтын заманауи екі жүйені қаржыландырды. Жобаны жүзеге асыру үшін, мөлшері 3,7 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылды.

Енді, тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау үрдісі үш бағытта жүзеге асырылатын болады. Осылайша, облыс орталығында екінші рет өңдеуге келетін қалдықтарды жинайтын сары түсті 760 пластик және басқа қалдықтарды тастауға арналған көк түсті 514 контейнер орнатылады. Ал Семейде жеңіл қалдықтарды жинайтын 1050 торкөзді және шыны жиналатын 532 контейнер орнатылады. Бұдан бөлек, Өскемен мен Семей қалаларында жылына жалпы көлемі 200 мың тонна қатты қалдықтарды саралайтын екі жүйе салынады. Осындай кешенді жұмыстар нәтижесінде өңірдегі қалдықтарды өңдеу көрсеткішін 30 пайызға дейін жеткізіледі деп болжануда.

Өзгелердің жаңалығы