Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ШҚО-да жыл басынан бері 40 борышкер алимент бойынша жауапкершілікке тартылды, деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласы бойынша сот орындаушылар палатасының баспасөз қызметі.
Оның ішінде 10 адамға сот үкімімен бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. 30 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды (айыппұл төлеу немесе бірнеше күнге қамауға алу). Барлық борышкердің балаларының алдында жылдап жиналған қарызы бар. Олардың тұрақты табысы жоқ, жұмысқа орналасу бойынша сот орындаушысының көмегін қабылдамайды, зейнетақы жарналары мен банктік шоттарда ақшасы, жекеменшікте мүлкі жоқ, - делінген хабарламада.
Заң бойынша егер борышкер үш айдан астам алимент төлеуден жалтарса, сот орындаушысы оны қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тарту шараларын қолданады.
Көбінесе, мұндай жазаны алған борышкерлер қарызын толық жабады. 2019 жылы алимент өндіру істерінің санын азайту үшін республикалық жеке сот орындаушылар палатасы, Әділет министрлігі мен әкімдіктер өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған, оның аясында борышкерлер үшін бос орындар жәрмеңкелері үнемі өткізіліп тұрады, ал мүлде төлемейтіндер жауапкершілікке тартылады.
Мәселен, биылғы бірінші тоқсанда Қазақстанда полиция мен прокуратураның көмегімен бойынша 1016 борышкер әкімшілік жауапкершілікке және 24 қылмыстық жауапкершілікке тартылған.