Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Шизофрения: Қоғам қорқынышы ма, нақты қауіп пе?

29 Мамыр 2025, 13:46
1430
Бөлісу:
 "Гедеон Рихтер Қазақстан"
Фото: "Гедеон Рихтер Қазақстан"

Адамдар көп жағдайда аурудан емес, диагноздан қорқады. Бұл туралы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас психиатры Елена Полиенко мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мұндай үрейдің негізгі себебі – қоғамда аурудың себептері мен барысы, заманауи емдеу тәсілдері, қолдау шаралары мен пациенттердің құқықтары туралы ақпараттың жеткіліксіздігі.

Шизофрения: Қоғам қорқынышы ма, нақты қауіп пе?

Қазіргі таңда дұрыс таңдалған, үшінші буын антипсихотиктерін қамтитын терапияның арқасында пациенттердің үштен бірінде тұрақты ремиссияға қол жеткізу мүмкін. Бұл препараттар тек симптомдарды ғана басып қоймай, когнитивтік және әлеуметтік функцияларды қалпына келтіруге көмектеседі. Диагноз көбіне кеш қойылған жағдайда, инновациялық терапияға қолжетімділік пен оны мемлекеттік бағдарламаларға енгізу – бұл тек гуманистік қадам ғана емес, қоғам денсаулығына ұзақмерзімді инвестиция, - деп атап өтті Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас психиатры Елена Полиенко "Стереотипсіз психикалық денсаулық: Шизофрения туралы нені білу керек?" атты дөңгелек үстелде сөйлеген сөзінде. 

Шизофрения және оны емдеу жөнінде қоғамның жеткілікті ақпараттандырылмағанын 200 қазақстандық арасында жүргізілген анонимді сауалнама нәтижелері де растайды. Зерттеу қорытындысына сәйкес, респонденттердің 52,8%-ы шизофрения туралы естіген, бірақ нақты мәліметтерге сенімді емес екенін айтқан. Аурумен өмір сүретін адамдардың мүмкіндіктеріне қатысты жауаптар мынадай: 22,3%-ы дұрыс терапиямен толыққанды өмір сүруге болады десе, 39,4%-ы мұндай өмір шектеулі болуы мүмкін деген пікірде; 26,4%-ы бұл белсенді әлеуметтік өмірмен үйлеспейтін ауыр дерт деп есептейді.

Дәрігерлерге деген сенім де жоғары деңгейде: сауалнамаға қатысушылардың 65,5%-ы жақындарында психикалық ауытқу байқалса, ең алдымен маманға жүгінетінін мәлімдеген.

Менталдық бұзылыстары бар адамдарға деген жалпы көзқарас: 37,4%-ы жанашырлық білдіріп, қалай дұрыс сөйлесу керектігін білмейтінін айтса, 21,6%-ы – бейтарап, мұндай адамдарға тек қолдау қажет деп есептейді. Ал 25,3%-ы әлі де сақтықпен қарап, ыңғайсыздық сезінетінін жеткізген.

Респонденттердің пікірінше, қорқыныш пен стереотиптерді азайтуға дәрігерлердің ашық сөздері, бұқаралық ақпарат құралдарындағы шынайы деректер мен нақты адамдардың оқиғалары ықпал етеді. Сондай-ақ, балалық шақтан бастап профилактика мен ағарту жұмыстары маңызды рөл атқарады.

Шара қатысушылары психикалық ауытқулар жөніндегі мифтерді тек ашық диалог, ағарту және қолдау арқылы ғана жоюға болатынына келісті. Қазіргі психиатрия – бұл ерікті, амбулаторлық және адамгершілікке негізделген көмек. Ол – қорқатын дүние емес.

Өзгелердің жаңалығы