Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.
«Бүгін Түркістан облысының Арыс қаласында орналасқан әскери бөлімнің аумағында жарылыс болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайдың зардаптарын жойып, жарылыстың себептерін анықтау және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Өңірде облыс әкімі, партиямыздың аймақтық филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев жетекшілік ететін жедел штаб құрылды», - делінген жазбада.
Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев бұл оқиға бойынша «Nur Otan» партиясының белсенді әрекетін атап өткен.
«Қазіргі таңда «Nur Otan» партиясының аймақтық және аумақтық филиалдарының өкілдері тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіріп, орналастыру жұмыстарына белсенді қатысуда. Жергілікті жерде партиямыздың облыстық филиалының басшылығы әкімдікпен және Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп оқиғаға қатысты мәселелерді шешу жұмыстарын жүргізуде», - дейді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.
Сонымен қатар ол партияның Арыс тұрғындарына қажетті барлық көмек шараларын қолға алатынын тілге тиек етеді.
«Біздің партия Арыс қаласының тұрғындарына қажетті барлық көмек шараларын қолға алады. Азық-түлікпен және киім-кешекпен қамтамасыз етуден бастап, олардың уақытша орналасуларына, алдағы уақытта елді мекеннің инфрақұрылымын қалпына келтіруге дейінгі жұмыстарға тікелей атсалысамыз. Бүгіннен бастап партиямыздың Түркістан облыстық филиалы гуманитарлық көмек жинау жұмыстарын қолға алды. Бұл жұмысқа партиямызбен бірге еліміздегі барлық бастауыш партия ұйымдарының өкілдері де жұмылдырылады.
Алдымен Арыс қаласының әр тұрғынының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, кейін жедел түрде орын алған оқиғаның себеп-салдарын анықтау қажет деп есептеймін. Біздің партия бұл іс бойынша тергеудің ашық әрі әділ жүргізілуін талап етеді», – делінген Мәулен Әшімбаевтың желідегі жазбасында.