Шілдеден бастап қазақстандықтарға кредит алу қиындайды

Қарызды бағалаудың жаңа ережесі күшіне енеді.

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 11:10
Бүгiн 2026, 11:10
235
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстандықтардың табысына қатысты қарызын бағалаудың жаңа ережелері – ТЖК және БЖК 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, орташа табысы бар қазақстандықтар бұрынғыдай несие ала алады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Ұлттық банк басшысы шілде айына дейін жаңа ТЖК (табысқа жүктеме коэффициенті) және БЖК (борыш жүктемесінің коэффициенті) енгізілуге тиіс екенін айтты. Бұл екі көрсеткіш те азаматтың алған қарызын өтеуге шамасы жете ме, жоқ па – соны бағалауға арналған. Оның айтуынша, бұл ресми табысы жоқ немесе табысы өте төмен азаматтарға шамадан тыс несие беріліп кетпеуі үшін қажет.

Борышқа жүктеме коэффициенті (БЖК) – банктер халыққа несие берер кезде ескеретін негізгі көрсеткіштердің бірі. Қазір оның шекті деңгейі 50 пайыз. Яғни адамның барлық несие төлемдері ай сайынғы табысының жартысынан аспауы керек.

Ал қарыздың табысқа қатынасы коэффициенті (ТЖК) – азаматтың өтелмеген барлық несиелері мен микрокредиттері бойынша жалпы қарыз көлемінің, жаңа несие қоса есептелгендегі, қарыз алушының жылдық жиынтық табысына қатынасы.

Бұл нормативтер қазір де бар, бірақ біз оларды табыс деңгейіне қарай нақтырақ реттегіміз келеді. Сондықтан "таза" табыс болуы өте маңызды. Яғни еңбек шарты арқылы рәсімделген, МӘМС пен зейнетақы аударымдары жүргізілетін табыс. Сонда банктер сіздің шынымен де тұрақты кірісіңіз бар екенін көріп, тұтынушылық несие де, ипотека да, автонесие де алуға мүмкіндік береді. Ал табыс ресми түрде көрсетілмесе, яғни бәрі қолма-қол болса, банктер мұндай жағдайда несие беруге онша құлықты болмайды. Бұл дұрыс. Егер табыс көзі көрінбесе, несие бермеу керек, – деді Тимур Сүлейменов.

Ұлттық банк басшысының айтуынша, жаңа БЖК мен ТЖК 2026 жылғы 1 шілдеден бастап енгізіледі. Орташа табысқа қатысты көрсеткіштерді анықтағанда реттеуші Ұлттық статистика бюросы мен Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің деректеріне, сондай-ақ банктердің өз статистикасына сүйенеді.

Жүйе орташа табысы бар қазақстандық ипотекалық несие де, автонесие де, тұтынушылық несие де ала алатындай етіп реттеледі. Қандай да бір қатаң шектеулер енгізу жоспарымызда жоқ, – деді Ұлттық банк төрағасы.

Наверх