Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңдеу өнеркәсібін дамыту арқылы шикізатты емес, дайын өнімді экспорттауға көшу қажет екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өңдеу өнеркәсібіне баса назар аудару керек. Өңдеу өнеркәсібіндегі өнімнің 40 пайыздан астамы металлургияға тиесілі. Ал металлургия секторында экспортқа шығарылатын тауардың жартысынан көбі – төмен деңгейде өңделген өнімдер. Соның салдарынан, шикізатты сыртқа шығарамыз да, одан жасалған дайын өнімді басқа елдерден сатып аламыз. Парадокс. Мұндай тәжірибені доғару керек, - дейді Тоқаев.
Тоқаевтың айтуынша, шикізат экспорттағаннан гөрі, одан дайын өнім өндіріп, сыртқа шығару әлдеқайда пайдалы.
Әрине, бұл оңай міндет емес. Бірақ үлгілі кәсіпорындар бар, мысалы, Qarmet. Қанша қиындыққа тап болса да, ондағы өндірістік және әлеуметтік процестерде оң өзгерістер орын алып жатыр. Бұл мәселеде «артық қылам деп, тыртық қылуға да» болмайды. Өңдеу саласын дамытамыз деп, шикізат өндіру ісіне зиян келтірмеу жағын ойлау керек. Үкіметтің саясаты ақылға қонымды, байыпты болуға тиіс, - деді ол.
Бұған дейін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инвестиция тартуда мемлекет пен бизнес серіктестігін күшейтіп, стратегиялық салаларға басымдық беру қажет екенін айтты. Сондай-ақ, Президент Үкіметке шеберліктерін көрсетуді тапсырды.