Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Шикізаттық емес экспорт мәселелеріне ерекше көңіл бөлу қажет. Бұл жөнінде ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин бүгінгі Үкімет отырысында мәлімдеді.
"Өткен жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіптің өсу қарқыны жоғары болып, 4,1%-ды құрады, жүзден аса жоба іске асырылды. 1,1 трлн теңге инвестиция тартылды, 13 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Осыған орай, келесі міндеттерді іске асыру қажет. Бірінші, машина жасау саласының қарқынды дамуын қамтамасыз ету. Мұнай-газ, машина жасау саласын Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ кен орындарындағы ірі мұнай-газ жобаларының ұлғаюы арқасында одан әрі әлеуеті бар екенін атап өту керек. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы машиналарын жасауға назар аудару қажет. Мұнда өндірістік кооперация арқасында өсім күтіледі. Жалпы, мұнай-газ және ауыл шаруашылығы, машина жасау саласы үшінші индустиралдық-инновациялық даму бағдарламасының басымды бағыттарының біріне айналуы керек. Осы бағытты дамыту үшін тиісті шаралар ұйымдастыру керек", - деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысы айтуынша, екіншіден металлургия өнеркәсібінде, әсіресе, қара металлургия сегментінде 4,7% деңгейінде тұрақты өсімді қамтамасыз ету қажет. Осы ретте "Арселор Миттал Теміртаудың" өсу қарқыны оң болғаны маңызды.
«Үшінші, қарапайым заттар экономикасын дамыту қажет. Бұл мақсатта Елбасы тапсырмасы бойынша 600 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінеді. Өңдеуші өнеркәсіптің басымды секторларын және жобаларын анықтады. Сондықтан нақты нәтижелерге жету керек. Бұл импортты алмастыруға және халықты тиімді жұмыспен қамтамасыз етуге қосымша серпін береді. Шикізаттық емес экспорт мәселелеріне ерекше көңіл бөлу қажет. Бұл бағытты қолдау үшін 500 млрд теңге көлемінде қаражат көзделген. Жаңа индустрияландыру қазіргі заманғы міндеттерге сай келуі керек», - деді Асқар Мамин.