Полиция генерал-лейтенанты қызметінен зейнетке шыққан сенатор Марат Қожаев мектептердегі қауіпсіздік мәселелеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналистер турникеттер мен дабыл батырмалары болғанына қарамастан, оқушылардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету мүмкін болмауын сұрады. Қожаев бұл сұраққа жауап бере отырып, мектеп – жабық мекеме емес екенін, сондықтан онда жаппай бақылау орнатуды тиімсіз деп санайтынын алға тартты.
Балалар бір нәрсені алып кіруі мүмкін. Бұл еш жерде жоққа шығарылмайды. Балаларды мұқият тексермейді. Егер біз балалық шақтан бастап оларды күштік құрылымдарға тән әдістермен тексерсек, қалталарын, киімін қарасақ, дұрыс болмас еді. Мұндай нәрселерге жол беруге болмайды. Барлығы тәрбиеден басталады, - деп атап өтті сенатор.
Сенатор Құлсарыдағы оқиғадағы балта – мектепке байқалмай кіргізу қиын зат деп отыр.
Балтаны мектепке байқатпай алып кіру қиын. Жай ғана бұл жағдайға көз жұма қараған екенбіз. Мұнда шикілік бар, - деді Марат Қожаев.
Сондай-ақ депутат мектептерде арнайы күзет ұйымдарының жоқтығын бір мәселе ретінде атады. Ол мектептердің экономикалық тұрғыдан үнемдеуге тырысатынын, сондықтан көбінесе мектептерді зейнеткерлер күзететінін айтты.
Еске салайық, Еске салайық, бұған дейін Құлсары қаласында 10-сынып оқушысының қатарластарымен болған жанжалдан кейін оларға балтамен шабуыл жасады.
Оқиға салдарынан екі оқушы жеңіл дене жарақатын алды.