Шетелдік көліктерді заңдастыру: Ресейден әкелінген 13 мыңнан аса көлік заңдастырылды

27 Наурыз 2023, 12:02
1617
Бөлісу:
Шетелдік көліктерді заңдастыру: Ресейден әкелінген 13 мыңнан аса көлік заңдастырылды
Фото: zh-shugylasy.kz

Елімізде биылғы 23 қаңтар мен 26 наурыз аралығында 69 мыңнан астам көлік құралы заңдастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы онлайн брифингте ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев мәлімдеді.

Ол Ішкі істер министрлігі басқа мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп биылғы 23 қаңтардан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыруды жүргізіп жатқанын атап өтті.

Өтініштер барлық Халыққа қызмет көрсету орталығында және электронды сервис арқылы қабылданады. Сондай-ақ азаматтарға арналған электронды үкімет порталында және екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшаларында қолжетімді, - деді Қайсар Сұлтанбаев.

Айтуынша, заңдастырудың негізгі критерийлеріне көлік құралының сәйкестігін алдын ала тексеру процесі толық автоматтандырылған. Қылмыстық есеп, кедендік база және басқа да ақпараттық жүйелер бар. 

Биылғы 23 қаңтар мен 26 наурыз аралығында 69 мыңнан астам көлік құралы заңдастырылды, оның ішінде 67% (46 592) Ресей Федерациясынан, 19% (13 424) - Армениядан, шамамен 10% (6 788) - Қырғызстаннан, шамамен 2% (1 296) – Грузиядан. Сонымен қатар қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігі қосалқы бөлшектер ретінде әкелінген автокөліктерді заңдастыру шарттарын айқындайтын Үкімет қаулысының жобасын әзірледі, - деп түсіндірді Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев.

Оның айтуына қарағанда, бұл жоба жария талқылаудан өткен. Оны қорытындылап болғаннан кейін мемлекеттік органдарға түпкілікті келісуге жіберіледі. Одан кейін Үкіметке енгізіледі.

Өзгелердің жаңалығы