Шетелдік ірі компания Қазақстанда инженерлер дайындай бастады

Шетелдік компания Қазақстанда адами капиталды дамытуға бағытталған жаңа білім беру жобасын іске қосты.

 ©BAQ.KZ/ Олжас Адай Бүгiн 2026, 11:55
Бүгiн 2026, 11:55
128
Фото: ©BAQ.KZ/ Олжас Адай

Бұл туралы MAIRE компаниясының Анадолы және Орталық Азия өңірі бойынша вице-президенті Никколо Хейлперн Kazneftegazservice-2026 конференциясында мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, компания өз стратегиясының екі негізгі бағытын дамытып отыр. Соның бірі – кадр даярлау.

Компания қазір өз стратегиясының екі негізгі бағытын дамытып жатыр. Оның біріншісі – адами капиталды дамыту. Біз үшін білім – болашақтың шамшырағы. Жаңа буын инженерлер мен технологтар елдің дамуына тікелей ықпал етеді, – деді Хейлперн.

©BAQ.KZ/ Олжас Адай

MAIRE – мұнай-газ және мұнай-газ химиясы саласында жұмыс істейтін халықаралық инженерлік компания. Ол өндірістік нысандарды жобалау, салу және іске қосудың толық циклін жүзеге асырады. Қазақстанда компания Silleno және KMG PetroChem жобаларының бас мердігері ретінде қатысып келеді.

Компания осы бағытта Maire Jarik Academy атты білім беру жобасын іске қосты. Академия ресми түрде үш күн бұрын ашылғанымен, жұмысын ақпан айында бастаған.

Қазірдің өзінде Alira Welingas University-ден 20 студент іріктеліп алынған. Ал келесі кезеңде тағы 20 түлек қабылданады. Олар KDTU, Nazarbayev University және Alira Welingas University оқу орындарынан таңдалады.

Компания өкілдерінің айтуынша, жоба жастардың техникалық және жұмсақ дағдыларын дамытуға, сондай-ақ халықаралық тәжірибе жинауына бағытталған.

Бағдарлама аясында студенттер мен жас мамандар өндірістік ортада тәжірибеден өтеді. Олар компанияның өндірістік лагерінде тұрып, нақты жобалардың жүзеге асу барысын көреді.

Студенттер біздің командамыздың бір бөлігіне айналады. Олар өндірісті көріп, жобалардың қалай жүзеге асатынын түсінеді және ел дамуына үлес қосып жатқанын сезінеді, – дейді компания өкілі.

Жыл сайын академия үш кезең бойынша қабылдау жүргізеді. Нәтижесінде жылына 60 студент пен жас маман оқытылады. Ал төрт жыл ішінде бағдарламаға 200-ден астам адам қатысады деп жоспарланған.

Қазіргі таңда академияның алғашқы кезеңі басталып кетті. Алғашқы 20 студент Атырау қаласында білім алуда. Олар адам ресурстары, әкімшілік басқару, қаржы және бақылау бағыттары бойынша оқытылып жатыр.

Наверх