Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шетелдік дипломаттар мен Қазақстан СІМ қызметкерлері Нұр-Сұлтанда өткен жалпықалалық сенбілікке қатысты.
Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстанда аккредиттелген шетелдік дипломатиялық корпустың өкілдері және ҚР СІМ қызметкерлері «Бірге таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жыл сайынғы жалпықалалық сенбілікке қатысты. Олардың қатарында ТМД, Еуропа және Таяу Шығыс елдерінің 40-тан астам елшілері болды.
Экологиялық іс-шара қоғамның назарын қоршаған ортаның ластану проблемасына, табиғатты сақтаудың және экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына аударуға бағытталған. Нұр-Сұлтан қаласындағы Ботаникалық саябақта сенбілікке қатысушылар 50 түп көшет отырғызды.
Қалыптасқан дәстүр бойынша экологиялық акцияны Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының 160-тан астам қызметкері қолдады, олар Сыртқы істер министрлігі ғимаратының аумағы мен елорданың Желілік саябағында қоқыс жинап, 30 көшет отырғызды.