Қазақстан бойынша 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыру қалай жүріп жатқанын бақылау үшін BAQ.KZ тілшісі Халыққа қызмет көрсету орталығына барды.
Халыққа қызмет көрсету орталығы шетелдік автокөлік иелеріне толы. Астана қаласы ХҚКО-ның бірінде түске дейін жүзден артық адам өтініш бергенімен, заңдастыру кезеңдерін толық өтіп, мемлекеттік нөмірге әзірге тек Ардақ Асқаров қана қол жеткізді.
Көлігім 2021 жылы маусымда Ресейден келген. Мен оны Солтүстік Қазақстан облысынан алып кеттім. Екі жыл бойы сақтандырумен жүрдім. Ал бүгін құжаттарды тапсырып, нөмірімді алдым. Барлығы 215 теңгедей қаражат жұмсадым, - деді Астана қаласының тұрғыны.
Астана қаласының полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы Бауыржан Тоқжұманов кедендік одаққа мүше емес елдерден әкелінген көліктер кедендік БАЖ-ды төлейтінін айтты.
Акция аясында барлық шет мемлекеттерден әкелінген автокөліктер тіркеуге қойылады. Ресей, Армения сияқты кедендік одаққа кірген елдерден әкелінген көліктерге кедендік БАЖ төленбейді, акция аясында 200 мың теңге төлейді. Ал басқа елдерден әкелінген автокөліктерге кедендік БАЖ төленуі керек, - деді ол.
Айта кетейік, шетелдік автокөліктерді заңдастыру жұмыстары бір реттік акция ретінде ғана ұйымдастырылып жатыр. Сондықтан тіркелетін шетелдік автокөліктердің жылына немесе экологиялық класына талаптар қойылмайды. Бірақ бұл ережелер 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін қана жарамды.