Шетелден эвакуацияланатын қазақстандықтар қай қалаларға жіберіледі?

4 Мамыр 2020, 16:59
1923
Бөлісу:
Шетелден эвакуацияланатын қазақстандықтар қай қалаларға жіберіледі?
Фото: ашық дереккөз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР бас санитариялық дәрігері Айжан Есмағамбетова бұл туралы тікелей эфир кезінде айтты.

ҚР мемлекеттік бас санитариялық дәрігері шет мемлекеттерден эвакуацияланатын қазақстандықтар қай қалаға орналастырылатынына қатысты жауап берді. 

Бүгінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, Ресейдегі қазақстандықтарды алып келу мәселесін қарастырып жатыр. Бірлескен жоспар құрылды. Соның негізінде әуе, пойыз және автобус арқылы отандастарымызды елге жеткізу мәселесі шешілуде. Қазіргі таңда тізім және маршрут анықталуда. Әзірге, бұл маршрут Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Қостанай, Ақтау қалаларына таратылады деп жоспарлануда. Алайда, бұл тізім әлі нақты емес. Ресей Федерациясының барлық өңіріндегі елге қайтқысы келетін қазақстандықтар біздің сол елдегі елшілікке барып тіркеледі, елшілік Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп тізім жасайды, транспорт түрі мен бағытын анықтайды, - деді ол. 

Айжан Есмағамбетованың айтуынша, Қазақстан Республикасы аймағына кірген кез келген азамат екі тәулікке дейін ПТР әдісімен зерттеу жұмыстары аяқталғанша карантинде болады. Сонымен қатар, дәрігер ПТР-тесттің бағасына қатысты сауалға жауап берді.

ПТР-тесттің құны қымбат екенін байқап отырмыз. Алайда, бағаны бақылайтын Денсаулық сақтау министрлігі емес, нарық. Біз қазір тестілеуден өтетін жандардың тізімін кеңейту мәселесін қарап жатырмыз. Соның негізінде кейбір адам мемлекет тарапынан, енді бірі Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі есебінен тестілеуден өтуі мүмкін. Олардың қатарында тұқым қуалайтын ауруы бар адамдар, жүкті әйелдер, қалалар мен аудандарда карантин кезінде жұмыс істеген мекеме қызметкерлері, Қарулы күштер және медициналық қызметкерлер сияқты тағы осындай 16 категория бар. Толық тізім менің жарлығымда көрсетілген, - деді бас санитар.

Бас санитар Қазақстанға шет мемлекеттерден гуманитарлық көмек ретінде келіп жатқан ПТР-тесттердің барлығы жоғарыда айтылған 16 категорияға жұмсалатынын жеткізді.

Келешекте тесттердің мөлшеріне, тестілеу әдісіне қарай тестілеуден өтуге жататын категория санын арттыруды көздеп отырмыз. Әуелде, тек коронавируспен ауыратындар мен олармен байланыста болғандар ғана тестілеуге жататын еді. Кейін 16 категорияға кеңейттік. Тағы бір айта кетерлігі, наурыз айында бір тәулікте 1000-2000 адамды тестілеуден өткізген болсақ, қазір тәулігіне 16 мыңға тарта адамды тестілеп жатырмыз. Ал, алға қойған мақсат тұтас ел бойынша тәулігіне 25 мыңға жуық адамды тестілеуден өткізу болып отыр, - деді Есмағамбетова.
Бұған дейін еліміздің бас санитары Қазақстанда енгізілген карантин режимі өз нәтижесін көрсетіп жатқанын айтып, ҚР Денсаулық министрлігі ұсынған оқшаулану талаптарын сақтаған әрбір қазақстандыққа алғыс айтқан болатын. Сондай-ақ, дәрігер "Таза ауада серуендеуге шыққан, спортпен айналысып жүрген тұрғындарға маска тағу міндет пе?" деген сұраққа жауап берді.
Өзгелердің жаңалығы