Шетелдегі қандастар қазақ тілін тегін үйрене алады

12 Шілде 2021, 13:47
2809
Бөлісу:
Шетелдегі қандастар қазақ тілін тегін үйрене алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов шетелдегі отандастар үшін тегін қазақ тілі курсы ашылғанын айтты.

Ол алдымен өткен жылдары қанша мәдени іс-шара ұйымдастырылғанына тоқталды.

Қордың ұйымдастыруымен 2019 жылы шетелде 5000 адамды қамтыған 20-ға жуық іс-шара өткізілді. 2020 жылы әлемді жаулаған пандемияға орай жобаның басым көпшілігі онлайн форматқа ауыстырылды. Дегенмен жұмыс тоқтап қалмады. 13 онлайн іс-шара және 6 онлайн-жоба өткіздік. Оның нәтижесінде әлемнің бірнеше елінен 6000 адам атсалысты, - дейді Мағауия Сарбасов.

Айтуынша, биыл да пандемия мен шекаралық шектеулерге байланысты шаралан онлайн жалғасты. 20 елді қамтыған 20 онлайн кездесу өткізілді.

Сонымен қатар шетелдегі 150 отандастың қатысуымен «Отандастар – болашаққа бағдар» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Бұл шараның мақсаты шетелден келген отандастардың ұсыныстарын талқылап, пікірлерін біліп, жұмысты бағытын, міндеттерін айқындау болды. Осы ұсыныстар негізінде жұмыстар жалғасып жатыр. Нәтижесінде қандастардың сұрауы бойынша қазақ тілін оқыту курстарын қолға алынды, - деп атап өтті «Отандастар қоры» өкілі.

Ол атап өткендей, 12 елде 31 онлайн-сынып ашылып, тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. Онлайн-сыныптар теледидар, ноутбук, камера, тағы басқа қажетті заманауи техникалармен қамтылды. Айтуынша, шетелде тұрып жатқан қандастарымыз үшін қазақ тілін оқу тегін.

2020 жылы Қоғамның ұйымдастыруымен қазақ тілін үйрету бойынша 333 онлайн тегін сабақ өткізілді. Курсқа жалпы 1,5 мыңға жуық адам қатысып, оның 400-ге жуығы қазақ тілі курсына қатысқаны туралы сертификат алды. Ал 2021 жылдың маусым айына дейін 350 тегін онлайн сабақ өткізілді. Қазақ тілін үйренуге 900-ге жуық шетелде тұратын отандастар тестілеуге қатысып, шыққан нәтижесіне сәйкес деңгейлік топтарға бөлінді, - деп тоқталды Сарбасов брифингте.

Қазіргі күні Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен шетелдегі отандастар үшін қазақ тілін үйрететін ортақ әмбебап әдістемелік құрал әзірленіп жатыр. Бұл құжат жылдың аяғына дейін дайын болуы мүмкін.

Өзгелердің жаңалығы