Шетелдегі қазақ студенттері #Abai175 челленджін жалғастырды

14 Ақпан 2020, 21:08
2101
Бөлісу:
Шетелдегі қазақ студенттері #Abai175 челленджін жалғастырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биылғы жылы ұлы ақын, ойшыл және гуманист Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл. Шет елдерде оқып, білім алып жатқан қазақ студенттері Абай өлеңдері мен қара сөздерін оқу эстафетасын әрі қарай жалғастырады.


Алдымен #Abai175 оқу челленджін Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы бастама көтеріп, ал ҚР Қазақстан Республикасының Словакия мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті елшісі Роман Василенко қолдау білдірді. Осы мемлекетте оқып жүрген қазақ жастары Абай шығармаларын қазақ және словак тілдерінде оқып, эстафетаны әрі қарай Чехия жастары қабылдап алды.

Чехия Республикасындағы "Тарлан" студенттік жастар ұйымы адамзаттың мақтанышы, хакім Абайдың 175 жылдығы қарсаңында ұлы ақынның жырларын оқу челленджінде ұлы Абайдың шығармаларын қазақ, ағылшын және чех тілдерінде оқып, Польша жастарына жолдады.

Айта кетейік, жақында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының жетекшілігімен Прага қаласындағы Клеминтум атындағы Ұлттық кітапханада "Абай" ақпараттық-мәдени орталығы ашылды. Одан бөлек Венгрия, Словакия және Германия елдерінде "Абай оқулары" іс-шарасы өткізілді.

Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің "Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласында "Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет" екендігін айтты. 

Сондай-ақ, Президент Қазақстанның шет елдердегі Елшіліктері жанынан "Абай" орталықтарын ашу керектігін де атап өтті.



 

Өзгелердің жаңалығы