Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысы Шет ауданында бос жұмыс орындары және мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесі өтті. Жұмыссыздарға барлығы 62 жұмыс орны ұсынылды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің ресми сайты.
Жұмыс берушілердің қатарында аудандық прокуратура, пробация қызметі, орталық аурухана, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, жол мердігері «Сине Мидас Строй» және «Sary – Arka Copper Processing» ЖШС (тау-кен металлургия компаниясы) бар.
Жәрмеңкеде адамдар жұмыс берушілермен тікелей кездесіп, еңбек жағдайларын делдалсыз талқылай алады. Болашақта осындай жәрмеңкелерді ауданымыздың барлық елді мекендерінде өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Аманбол Амангелдин.
Сондай-ақ аудан тұрғындары «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, атаулы әлеуметтік көмек, жаңа бизнес-жоспарларды іске асыруға жастар мен көп балалы отбасылар үшін өтеусіз гранттар туралы ақпарат алды.