Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Шерзат Болатқа қатысты сот алдағы уақытта қайда өтетіні белгілі болды

10 Сәуір 2025, 14:19
3984
Бөлісу:
 автордан
Фото: автордан

Шерзат Болатқа қатысты сот толықтай Талдықорған қаласында өтеді. Қарасай аудандық сотының ғимараты шағын болғандықтан осындай шешім қабылданды, деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі.

Қорғаушылардың бірі Алим Мустабекович онлайн қатысу сұрағанымен оны судья қанағаттандырмады. Қорғаушылардың ешбірі қашықтықтан қатысуға рұқсат ала алмады. Одан бөлек қорғаушылар Қаскелең қаласына сот отырысын алдағы уақытта ауыстыруды сұраған еді. Оған да судья рұқсат етпеді.

Сотталушылар Талдықорған қаласындағы #71 тергеу изоляторында отыр. Сол себепті сот осында өтеді, - деді судья Ержан Жанұзақов.

Қарасай ауданына ауыстырылуының тағы бір себебі, аталған ауданда тергеу изоляторы жоқ.

Сотталушы Шынасылдың анасы қоғамдық қорғаушысы ретінде қатысады.

Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, тергеу ақпан айының соңында аяқталған. Тергеу барысында 40 сот-медициналық сараптама жүргізіліп, 200-ге жуық куәгерден жауап алынды. 8 бейнематериал сарапталып, іске қатысы бар тұлғаларға құқықтық баға берілген. Қылмыстың барлық мән-жайы толық анықталғаны хабарланды.

Сот процесі мемлекеттік тілде өтуде. Судья шешімімен тыңдаулар онлайн режимде ұйымдастырылып отыр. Бұл шара сот процесінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Жетісу облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратына трансляцияға арналған экрандар орнатылды.

Айта кету керек, айыпталушылардың бет-бейнесін түсіруге және бұрынғы бейнекадрларды қолдануға тыйым салынды. Жеке тікелей эфир жүргізуге де рұқсат жоқ. Ресми трансляцияны Жоғарғы соттың арнайы сілтемесі арқылы көруге болады.

Қылмыстық іс материалдары 62 томнан тұрады.

Өзгелердің жаңалығы