Талдықорғанда өтіп жатқан сот процесінде марқұм Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов пен куәгер ретінде танылған Самат Абдықадырдың беттестіру сәтінен видеожазба ұсынылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Көрсетілген бейнематериалда Қаржаубай Нұрымов оқиға орын алған күні Самат Абдықадыр төбелеске қатысушыларға бұйрық беріп, "делайте" деген сөзді қолданғанын мәлімдеген.
Дүкен алдында жанжал басталмай тұрып, Нұрбол мен Дархан өз жақтастарын шақырып жатты. Сол сәтте Accent пен Mercedes маркалы екі көлік келіп тоқтады. Көліктен Самат түсті, жанында екі адам бар еді. Ол сол жерде тұрған жігіттердің біразымен – кабандағы, Нұрбол, Дархан, Нұрқияс, Нұрқанаттармен амандасты. Нұрқанат маған: “Мен төбелеспеймін, мен қариямын, мен үшін жігіттер сөйлеседі” деді. Артынша Самат “делайте” деді, – деп баяндады Қаржаубай Нұрымов видеода.
Оның сөзінше, бұл сөз Саматтың өз жанындағы жігіттерге бағытталған.
Алайда Самат Абдықадыр мұны жоққа шығарып, айтылған пікірмен келіспейтінін жеткізді.
Келіспеймін. Ол дүкенге бізден кейін келді. Алдымен Дидармен амандасты. Нұрқанатпен сөйлескен соң біз дүкенге кіріп, екі сыра алмақ болдық, бірақ сатушы болмады. Осы кезде Қаржаубай ішке кірді. Мен ақшамды дайындап жатқанда, сырттан қатты дыбыс естілді. Сол мезетте Қаржаубай бізді сыртқа шығарды. Содан соң көлікке отырып, сол жерден кетіп қалдық. “Делайте” деген сөзді мүлде айтқан жоқпын, өйткені оларды мүлде танымаймын. Кабан көлігіндегі жігіттермен де таныстығым жоқ, олармен амандасқан жоқпын, – деді ол.
Ол моншадан шығып, дүкенге тек су алуға келгенін айтады. Видеода ол кімде қару-жарақ болғанын да білмегенін айтады. Сөзінше, бір рет атылған оқ дауысын естіген.
Сонымен қатар ол видеода Дидар екеуі көлікке мініп, оқиға орнынан кеткенін растады.