Павлодар облысында шенеуніктер әлеуметтік осал топтарға арналған баспанаға бөлінген 350 миллион теңге көлеміндегі бюджет қаражаты жасырылған, деп хабарлайды BAQ.KZ Irbistv.kz порталына сілтеме жасап.
Прокуратураның мәліметінше, Тереңкөл ауданында көпқабатты үй салу үшін мердігермен келісімшарт жасалған. Мемлекеттік орган құрылысы аяқталған соң бұл пәтерлерді сатып алып, әлеуметтік осал азаматтарға беруге уәде берген. Бірақ 2024 жылдың соңына дейін құрылыс бітпеген.
Келісімшарттар желтоқсан айында жасалған. Бірақ қаражат аударылған сәтте пәтерлер техникалық талаптарға сай болмаған. Сондықтан прокуратура бұл қаржы заңсыз аударылған деп тауып, қаражатты қайтару туралы акт енгізді. Қазіргі таңда 350 млн теңге бюджетке толық қайтарылды, – деді прокурор Әділ Жұмабеков.
Бұл қаражат мердігерге тікелей төленбеген, бірақ бюджеттен “арнайы шотқа” шығарылған. Шенеуніктер мұны “қаржы игерілмей қалмасын” деген себеппен түсіндірген.
Бұл – әлеуметтік маңызы бар жоба. Ақшаны мердігерге тікелей берген жоқпыз, олар бұғатталған күйде тұрды. Егер құрылыс толық аяқталмаса, біз қаражатты бюджетке қайтара алатын едік. Менің ешқандай жаман ойым болған жоқ, – деді Тереңкөл ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Бауыржан Атмаев.
Прокурор үйдің әлі де салынбағанын және мемлекеттік қаржымен мұндай әрекеттер – сыбайлас жемқорлық қаупін тудыратынын атап өтті. Сол себепті құрылыс бөлімінің басшысын тәртіптік жауапкершілікке тартуды талап етті.