Шенеуніктер кабинеттен шығып, азаматтардың жағдайын өз көзімен көрулері керек – депутат

6 Сәуір 2022, 14:28
1818
Бөлісу:
Шенеуніктер кабинеттен шығып, азаматтардың жағдайын өз  көзімен көрулері керек – депутат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерлан Сайыров шенеуніктер кабинеттен шығып, азаматтардың тұрмыс-тіршілігін өз көзімен көруі керегін айтты.

Біз аймақтарға, шалғай, шекара түбіндегі ауылдарға жиі барамыз. Сол жақтағы азаматтардың мұң-мүддесі, олардың талап-тілектері көбіне естілмейді. Олар Қазақстан мемлекеті алыстап кеткендей күн кешіп отыр. Осындай құбылмалы заманда халықтың арасында болып, олардың заңды тілектерін орындап, азаматтарға рух беру өте маңызды. Біз (депутаттар – ред.) министрлермен ауыл-аймақ, шалғайдағы мекендерге бірге барайық. Әлеуметтік қорғау, Цифрлық даму, Білім, Экономика, Экология министрлерінің шалғайда тұратын ағайын, туған-туыстың үнін етуі өте маңызды. «Көзбен көрген - шын, құлақпен естіген – өтірік» деген сөз бар, - деп айтты депутат.

Оның сөзінше, шалғайдағы ауылда интернет, медицина саласы, жол, оқу-ағарту саласында проблема шаш етектен.

Шенеуніктер кабинеттен шығып, азаматтардың тұрмыс-тіршілігін өз көзімен көруі керек. Үкімет мүшелері Президенттің реформалар қарқынына ілесуге қабілетті болып, халықтың әл-ауқатын арттыруға нақты қадамдар жасау қажет. Үкімет халықтың кірісін арттыру бағдарламасын қабылдады. Ал шынына келсек, халықтың әл-ауқаты күннен-күнге төмендеп келеді. Азаматтарды баға қысып барады. Халықтың басым көпшілігі бұл бағдарлама жөнінде ештеңе естімеген, естісе де тетіктерін білмейді, - деп толықтырды өз сөзін Ерлан Сайыров.

Мәжіліс залында депутат осындай қажетті құжаттарға сенімсіздік пайда болатынын айтты. Азаматтарға бағдарламалардың маңызын түсіндіре отырып, тығыз қарым-қатынаста жүзеге асыруды бірге қадағалау маңызды.

Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде бірде-бір министрдің түрін көрмеген ауылдар бар. Олар мемлекет өкілдерінің бар екенін сезінсін. Қиын-қыстау, күрмеуі көп заман келе жатыр. Мемлекет, халық, қоғам бірге болса ғана алдымыздағы күрделі кезеңнен өте аламыз. Халық мемлекет аясында топтасуы үшін халыққа, азаматтарға аяғымызбен баруымыз керек, - деді ол.

Мәжіліс депутаты өз ұсынысын да айта кетті.

Алда депутаттардың өңірлерге сапары тұр. Сол кезде Министрлер кабинеті өкілдерімен облыс, аудан, шалғай ауылдарға бірге барайық. Жоспарды қазірден бірге жасайық, - деп Сайыров өз ұсынысын жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы