Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік қызметкерлер құмар ойындарға қатысқаны үшін жұмыстан босатылды, деп хабарлайды BAQ.KZ облыстық прокуратураға сілтеме жасап.
Қадағалау органында өткен жылдың шілде айында "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" заңға толықтырулар енгізілгенін еске салды.
Жаңа өзгерістерге сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге құмар ойындар ойнауға тыйым салынған, ал бұл талапты бұзған жағдайда олар теріс себептермен жұмыстан босатылады.
Талдау барысында мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындарға қатысу арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтамағаны анықталды. Мәселен Ақжар ауданы әкімдігінің құрылыс және сәулет бөлімінің бас маманы заң талаптарын бұза отырып, жүйелі түрде букмекерлік кеңседе бәс тіккен, – деп мәлімдеді прокуратура.
Осындай заңбұзушылықтар Уәли ауылдық округі әкімінің аппараты мен Ақжар ауданының білім бөлімі бас мамандарының да қатысуымен анықталған.
Прокурорлық қадағалау актілері негізінде аталған лауазымды тұлғалар жұмыстан босатылып, барлық мемлекеттік қызметкерлерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қатаң сақтау қажеттігі ескертілді.