Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қытай билігі елде 11 жаңа науқас тіркелгенін мәлім етті. Бұл туралы ҚХР Денсаулық сақтау жөніндегі мемлекеттік комитеті хабарлайды.
Оның тек төртеуі ғана шетелден келген. Елдің барлық өңірінде шектеу шаралары біртіндеп алынып жатыр. Тек Бейжіңде ғана қатаң тәртіп сақталуда. Жақында карантин тәртібі тоқтаған Уханьда мектептер жұмысын қайта бастауға дайындалуда. Дегенмен ел билігі шектеуді толық алып тастауға әлі ерте екенін айтты.
Соңғы аптада Қытайға шетелден вирус әкелу деректері азайып барады. Алайда құрлықтағы өткелдер арқылы дертті тасымалдау қаупі артты. Өзге елдерден келген науқастармен қатынаста болған кісілердің көп адамға індет жұқтырғаны тіркелді. Бұл шекаралық өткелдер және негізгі қалаларымызды мұқият қорғау керектігін көрсетіп отыр, – деп мәлімдейді ҚХР денсаулық сақтау жөнінде мемлекеттік комитеттің ресми өкілі Ми Фэн.
Айта кетейік, қазір Бейжіңде ғана эпидемиологиялық жағдай қатаң бақылауда. Қалаға сырттан келгендер, науқаспен байланыста болғандар мен инфекциялық ауруханаға барғандар міндетті түрде сараптамадан өтуі тиіс. Осы мақсатта сынама алу орындарының саны үш есе артты.