Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қостанай шекара отрядының «Қайрақ-авто» бөлімшесінде 58 жастағы қазақстандық ұсталды. Бұл туралы ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі мәлімдеді.
Ол Ресей арқылы Германияға қарай жол тартқан екен. Қызметтік ит бұл азаматты есірткі тасымалдаушы ретінде меңзеді. Жеке алып шығып тексеру барысында шекарашылар оның күртешесінің ішкі қалтасынан өсімдік текті кептірілген жасыл зат оралған түйіншек тауып, оның «марихуана» есірткісі екендігі анықталды.
Ұсталған азамат айғақ затымен Қарабалық аудандық полиция бөліміне тапсырылды.
Петропавл шекара отрядының «Мамлютка теміржол» бөлімшесінде шекара нарядының қызметтік иті «Қарағанды-Мәскеу» бағытындағы № 83 жолаушылар пойызының вагондарының бірінің әжетханасынан әжетхана қағаздарына оралған «гашиш» есірткісін тауып, Петропавловск желілік полиция бөліміне тапсырды.