Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Шекарашылар барымташылардың жолын кесті

27 Тамыз 2019, 20:10
1821
Бөлісу:

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тараз шекара отрядына қарасты «Сәду Шакіров» заставасының шекарашылары кеше ымырт үйіріле бере заставаның жауапкершілік аумағындағы Сұлу төр сайында елімізге қарай 7 бас жылқыны барымталап келе жатқан топтың үстінен түсті, деп хабарлайды ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі.

Жылқыларды қуып келе жатқан 3 бейтаныс адам шекарашыларды байқап қалып, жылқылар тұяғымен көтерілген шаңды бүркеме ретінде пайдаланып көрші елдің аумағына қарай бой тасалап үлгерді. Барымташылар уақытша құтылып кеткенімен шекара асырылып әкелінген жылқыларды бергі беттен күтіп алмақ болған олардың сыбайласы, 24 жастағы қазақстандық шекарашылардың қолына түсті. Болған оқиға туралы еліміздің құқық қорғау органдары мен күш құрылымдары ғана емес, көрші мемлекеттің шекарашылары да құлақтанды. Демек, тағы бір халықаралық барымташылар тобының жолы кесілді.

Сонымен қатар, Сарыағаш шекара отрядының «Ынтымақ» заставасы аумағында қызмет атқарып жүрген шекара наряды біздің елден Өзбекстанға қарай торкөзді сым қоршаудан секіріп өтпекке әрекеттеніп жатқан бейтаныс адамды түнде көретін құрал көмегімен байқап қалып, қылмыс үстінде ұстаған. Дәл осы сәтте заставаның кезекшілік пультына қоршаудан түскен дабыл белгісімен көтеріліп, оқиға орнына жедел жеткен дабыл тобы «жолы болмаған» жолаушыны заставаға алып кетті. Ұсталған адам 23 жастағы Өзбек азаматы.

Өзгелердің жаңалығы