Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өтпек болған шетел азаматы әскери қызметшілерге оқ атқан, деп хабарлайды BAQ.KZ Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2022 жылы 24 тамызда кешке ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің шекарашылары Кеген ауданындағы Іле Алатауы жотасының таулы шатқалдарының бірінен мемлекеттік шекараны бұзып өткен шетел азаматын ұстады. Шекара нарядының «тоқта» және «құжатыңды көрсет» деген талабын естіген шекара бұзушы аңшы қаруынан әскери қызметшілерге қарай оқ атып, қарсылық көрсетті және ізін суытуға тырысқан. Ұсталған адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Шекарашылардың өмірі мен денсаулығына зиян келген жоқ. Олар шекараның таулы учаскесін күзету бойынша қызметтерін жалғастырып жатыр, – делінген Шекара қызметінің мәліметінде.
Шекараны заңсыз кесіп өтпек болаған азаматты ұстау кезінде батылдық танытқан әскери қызметшілерді көтермелеу мәселесі қаралуда.