Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бейнеу шекара отрядына қарасты «Бейнеу-теміржол» бөлімшесінде шекара наряды арнайы үйретілген иттің көмегімен «марихуана» тәркіледі, деп мәлімдеді ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі.
«Бейнеу – Нүкүс» бағытындағы № 648 пойыз вагондарының бірінің әжетханасында, жылу батареясының артына қыстырылып қойған түйіншекті тауып алды.
Түйіншек ішіндегі жасыл түсті, өзіндік иісі бар, кептірілген өсімдік текті зат барлық белгілерімен «марихуана» есірткісі деп топшылауға негіз береді. Қызметтік ит түйіншектің иесін де көрсетіп берді. Ол 54 жастағы Өзбекстан азаматы екен. Ұсталған азамат айғақ затымен Бейнеу желілік полиция бөліміне тапсырылды.
Сонымен қатар, Қостанай шекара отрядының «Аршалы» заставасының жауапкершілік аумағындағы Комаровка деп аталатын елді мекеннің маңынан шекарашылар жалпы көлемі 0,8 га жабайы қарасора алқабын тауып, көзін жойды.
Ауыл әкімінің, аудандық прокуратура мен полиция қызметкерлерінің қатысуымен жалпы саны 1600 қурай шабылып, өртелінді.
Сондай-ақ 27 тамызы күні Петропавл шекара отрядының «Қызыл ту» заставасының аумағындағы Бидайық ауылының маңынан шекарашылар 1 гектарға өскен (2200 түп, салмағы шамамен 870 кг), Өскемен шекара отрядының «Шемонайха» заставасының аумағындағы Луговое елді мекенінің маңынан көлемі 80*50 ауданда өскен, 5000 түп (салмағы шамамен 400 кг) жабайы қарасора алқабын өртеген болатын.