Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Наурыздың 27-сі мен 28-і аралығында шекарашылар заңсыз әрекетке бармақ болғандардың жолын кесті. Бұл туралы ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі хабарлады.
Семей тексеріп-өткізу пунктінің «Ауыл-авто» бөлімшесінде Қазақстаннан Ресейге шығып бара жатқан 56 жастағы Ресей азаматының «Ниссан Х-трейл» автокөлігінен аңшы мылтығының оқ-дәрілерін тапты. Сонымен бірге, Ресейден 400 кг жылқы етін алып кірмекші болған 1987 жылғы қазақстандықты шекарадан өткізбей, кері қайтарды.
«Дәл осы бекетте шекара наряды қызметтік иттің көмегімен «Тойота Королла» автокөлігімен елімізден шығып бара жатқан 1970 жылғы Ресей азаматынан 100 граммға жуық «гашиш» есірткісін тауып алды. Бұл азамат есірткіні ауына жасырып өтпекші болыпты. Ұсталған азаматтар айғақ затымен Бородулиха ауданының полиция бөліміне тапсырылды», - делінген таратылған хабарламада.
Тура осындай жолмен Сарыағаш шекара отрядының «Жібек жолы» бөлімшесінен 33 жастағы өзбекстандық та Мемлекеттік шекарадан аз көлемде «гашиш» есірткісін алып өтпек болыпты. Осы бекетте кептірілген «марихуана» есірткісін Өзбекстанға қарай алып өтпек болған 44 жастағы қазақстандық та ұсталды.
Сондай-ақ, Қордай шекара отрядының «Ауқатты» бөлімшесінде шекара наряды Қазақстаннан көрші елге қарай кетіп бара жатқан «Тойота Камри-30» автокөлігін, ұрлану белгісі байқалғандықтан Қордай аудандық полиция бөліміне тапсырды (жүргізушісі 1983 жылғы Қазақстан азаматы).
«Ақтөбе шекара отрядының «Жайсаң-авто» бөлімшесінде жекеменшік жеңіл автокөлігімен елімізге 2000 данадан астам әртүрлі дәрі-дәрмек түрлерін рұқсат құжаттарынсыз алып кірмек болған 29 жастағы қырғыз азаматы ұсталды. Аталған бекетте шекарашылар сондай-ақ, жалпы салмағы 40 тоннаға жуық 530 мм-лік темір құбырларды екі бірдей «ДАФ» автокөліктерімен ешқандай рұқсат құжаттарынсыз Ресейге алып шықпақ болған 41 және 28 жастағы екі қазақстандықты ұстады», - деп хабарлады ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, Қостанай шекара отрядының «Қайрақ» заставасының аумағындағы Подгородка елді мекенінің маңынан шекарашылар «Радио-Кедергі» техникалық құралының көмегімен жасы алпыстан асқан белгісіз адамды ұстады. Өзімен бірге ешқандай құжаты жоқ азамат өзін 1949 жылғы, азаматтығы жоқ тұлға деп таныстырды. Ұсталған адамның кім екендігін Қарабалық аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері анықтап жатыр.