Мәжіліс депутаты шекарадағы мектептерді сақтап қалуды сұрап, Үкіметке сауал жолдаған болатын. Вице-премьер Ермек Көшербаев осы мәселеге қатысты ресми жауабын берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Батыс Қазақстанда бастауыш мектептердің жаппай жабылуы Мәжіліс қабырғасында алаңдаушылық туғызғанын жаздық. Депутат Нартай Аралбайұлының айтуынша, соңғы үш жылда облыста 12 бастауыш мектеп жабылған, ал 2024 жылы тағы 4 мектептің жұмысы тоқтаған. Бұл – тек бір ғана аймақтағы жағдай. Еліміз бойынша соңғы бес жылда 194 ауыл жойылғаны шекарадағы елді мекендердің тағдырын таразыға тартуға мәжбүрлейді.
Бұл тек білім беру саласының мәселесі емес, бұл – ұлттық қауіпсіздік пен көші-қонға тікелей әсер ететін фактор. Адамы кеткен ауыл картадан өшеді. Ал бос жатқан шекаралық аймақ стратегиялық тұрғыдан қауіп төндіруі мүмкін, - деді депутат.
Нартай Аралбайұлы Білім және ғылым министрлігінің 2022 жылғы №185 бұйрығына өзгеріс енгізіп, шекаралық ауылдарға ерекше мәртебе беруді ұсынды. Яғни мектеп жабуға негіз болатын оқушы санына қатысты талаптарды жеңілдету қажет.
«Ерекше жағдай» деген ұғым енгізілсе, кем дегенде 13 мектепті сақтап қалуға мүмкіндік бар, – дейді депутат.
Шекара маңындағы мектептердің тағдыры қалай шешіледі?
Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлының Батыс Қазақстан облысындағы шекаралық ауылдарда бастауыш мектептердің жабылуына байланысты депутаттық сауалына ресми жауап берді.
Вице-премьердің айтуынша, бүгінде аталмыш облыстағы 13 мектеп штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Білім беру ұйымдарының қызмет етуіне кепілдік беретін мемлекеттік нормативке сәйкес, егер ауылдық елді мекенде бастауыш мектеп жасындағы балалар саны 5-тен, негізгі мектеп жасындағы балалар саны 41-ден, ал жалпы орта білім алушы оқушылар саны 81-ден асатын болса, онда мектеп жабылмайды.
Сонымен қатар, «Білім туралы» заңға сәйкес, жергілікті атқарушы органдарда мектептерді сақтап қалуға толыққанды заңдық мүмкіндік бар. Алайда Көшербаевтың айтуынша, кейбір мектептерде оқушылар саны нормадан едәуір аз болғандықтан, 2025–2026 оқу жылында оларды бастауыш немесе негізгі мектепке ауыстыру, тіпті жабу қаупі бар, - делінген хабарламада.
Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі Батыс Қазақстан облысы әкімдігіне шекара маңындағы ауыл мектептерін сақтау және дамыту бойынша ұсыныс хат жолдаған.
Қазіргі таңда министрлік шекаралық аймақта орналасқан мектептерді білім беру ұйымдарының кепілдендірілген мемлекеттік нормативінен алып тастау мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл бастама ауыл мектептерін сақтап қалуға жол ашуы мүмкін. Бұл мәселе Үкіметтің бақылауында. Шекаралық ауылдардағы мектептерді сақтау және балалардың білім алу құқығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыс жалғаса береді, – делінген ресми жауапта.