Шекара арқылы 20 тонна сексеуіл тасымалдамақ болған шымкенттік ұсталды

7 Ақпан 2022, 22:45
1239
Бөлісу:
Шекара арқылы 20 тонна сексеуіл тасымалдамақ болған шымкенттік ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Жамбылдық полицейлер Қызыл кітапқа енгізілген 20 тонна өсімдікті Қазақстан шекарасы арқылы тасымалдамақ болған шымкенттікті ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz. 

1 ақпанда Қордай ауданының «Қарасу» көлік өткізу бекетінде Жамбыл облысының Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне қарасты 2038 әскери бөлімінің әскери қызметшілерімен бірлесіп, «Браконьер» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу барысында заңсыз кесілген және пайдалануға тыйым салынған сүректі (сексеуілді) тасымалдаған адамды анықтап, ұстады. Ол 33 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. 

Ұсталған азамат өз кінәсін мойындады. Аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 339-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Заттай айғақ ретінде 20 тонна сексеуіл тәркіленді. Сондай-ақ, сот-биологиялық сараптамасы тағайындалды, – деп атап көрсетті Жамбыл облысының Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Рахымберді Әшкеев. 

Аталған қылмысты жасағаны үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің талаптары бойынша мүлкі тәркіленіп және бес жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
 

Өзгелердің жаңалығы