Тәжікстандағы «Харбмайдон» полигонында Орталық Азия өңірінің жедел өрістету ұжымдық күштерімен «Шекара-2022» бірлескен оқу-жаттығуы аяқталды. Оған Қазақстанның әскери қызметшілері қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқу-жаттығу барысында Қазақстанның Десанттық-шабуылдау әскерлерінің бөлімшелері ҰҚШҰ-ға мүше елдердің әскери контингенттерінің өкілдерімен бірлесіп заңсыз қарулы құралымдарды жою бойынша оқу-жауынгерлік міндеттерді пысықтады. Әскери қызметшілер бейтаныс таулы аймақта ұрыс іс-қимылдарын жүргізді.
Қазақстан мен Тәжікстанның роталық-тактикалық топтарынан тұратын біріккен жасақ жау бөлімшелерін қоршауға алды. Қазақстандық десантшылар елдімекенге шабуыл жасап, заңсыз қарулы құралымдарға жауынгерлік машиналардың атыс қаруынан және граната атқыштардан оқ жаудырып, шабуыл жасады. Содырлар тобын жойып, әскери қызметшілер белгіленген шекараға орнықты.
«Харбмайдон» полигонындағы практикалық іс-қимылдарға Орталық Азия өңірінің ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттерінің әскери контингенттері, Біріккен штабтың және ұйым хатшылығының жедел топтары қатысты.
Жаттығуға қатысушы адамдардың жалпы саны 1000-ға жуық. Оған ұшқышсыз басқарылатын құрылғылармен қоса, 300-ден астам әскери, арнайы және авиациялық техника жұмылдырылды.